
Қатты отын шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек:
– жасы бойынша жалғыз тұратын зейнеткерлерге,
– бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға,
– 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға,
– атаулы әлеуметтік көмек алушыларға,
пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын,меншік иесі болып табылатын,өздерінде және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда және жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген 2 КД аспайтын болған кезде беріледі.
Әлеуметтік көмектің мөлшері өтініш берушінің отын сатып алуға байланысты нақты шығындары негізге алына отырып айқындалады, бірақ жылыту маусымында 1 рет 16 АЕК аспайды.
Отынды сатып алуға әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар бірнеше адам бір жеке меншік тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек біреуіне ғана беріледі.
Әлеуметтік көмек жылыту маусымында мынадай құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде беріледі:
– жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
– қатты отын сатып алуға жұмсалған шығындарды растайтын құжат (чектердің көшірмелері, жүкқұжат, шот-фактура, анықтама);
– адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;
– мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (зейнетақы куәлігі, мүгедектігі туралы анықтама, балалардың туу туралы куәліктері, жергілікті атқарушы органның қаулысы не бұйрығы);
– жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама;
– екінші деңгейдегі банктегі немесе «Қазпошта» АҚ шотының нөмірі туралы мәліметтер.
Әлеуметтік көмекті тағайындау үшін «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не жүгіну қажет, мекенжайы: Саран қаласы, Жеңіс көшесі, 45 үй, немесе мына телефонға хабарласу қажет: 7-68-04, 7-90-77.









