
Алматының Жетісу ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2026» бағдарламасы аясында тағы бір аумақты көркейту жұмыстары аяқталды.
Алматыдағы Бұрындай көшесі, 173д/19 мекенжайында ойын ойнауға, спортпен айналысуға, демалуға және отбасымен уақыт өткізуге арналған толыққанды қоғамдық кеңістік пайда болды. Бұған дейін мұнда шағын ғана балалар алаңы болған.
Енді мұнда футбол алаңы, екі балалар ойын алаңы, воркаут аймағы және демалуға арналған екі жайлы орын бар. Тұрғындар үшін 11 ойын элементі, 14 орындық, 14 қоқыс жәшігі және екі пергола орнатылды.
Аумақтың өзіне де ерекше көңіл бөлінді. Мұнда 3 мың шаршы метрге жуық жаңа брусчатка төселіп, резеңке және асфальт жабындары жаңартылды. 2 мың шаршы метрге жуық жерге көгал төселіп, гүлдер мен бұталар егілді.
Жасыл желекті күтіп ұстау үшін ұңғымамен жабдықталған автоматты суару жүйесі орнатылды.
Жетісу ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында осындай жұмыстар 25 аумақта жүргізіліп жатыр. Кейбірінде жоба аяқталса, енді бірінде жұмыс қызған.









