
Қызметтің бастауы: ШҚО-ның жас полицейлері салтанатты түрде ант қабылдады
Бүгін Республика алаңында гарнизондық саптық жиын өтіп, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің 50-ден астам жас қызметкері ант қабылдады.
Бұл — олар үшін жаңа мамандықтағы алғашқы маңызды қадам. Салтанатты жағдайда жас полицейлер ант оқып, қызметке ресми түрде кірісті. Оларды қолдауға ата-аналары, туған-туыстары мен достары келіп, маңызды күнді бірге бөлісті.
Жас қызметкерлерге арнаған сөзінде Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков бұл сәт қызметтің басталуымен қатар, атқаратын жұмысы, қабылдайтын шешімдері мен жасаған әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуді білдіретінін атап өтті.
«Офицерлік погон — жәй ғана мәртебе емес. Оның артында күрделі жағдайларда әрекет етуге күн сайын дайын болу, шешім қабылдай білу және оның салдары үшін жауапкершілік ала білу тұр», — деді облыстың бас полицейі.
Жас қызметкерлерге ШҚО Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев та ақ тілегін білдірді. Ол жастарға кәсіби жолда абыроймен қызмет етіп, қызметтік борышқа адалдық пен азаматтарға деген құрметті сақтауды тіледі.
Салтанатты рәсімнен кейін жеке құрам қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша қызмет атқаруға кірісті. Нарядтардың алдына негізгі міндеттер қойылды. Олар — жұмысты үйлесімді ұйымдастыру, тәртіпті сақтау, міндеттерді орындауға үнемі дайын болу және қызметте ұстанымдылық таныту.
Жас полицейлер үшін бұл күн — кәсіби жолдың бастауы. Алда алғашқы шешімдер, жаңа міндеттер мен күнделікті қызмет күтіп тұр. Таңдаған жолға деген адалдық енді нақты іспен көрініс табады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









