
Бүгін, 5 қазан күні аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс елу тоғызыншы сессиясының отырысы өтті. Сессия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі Нұржан Мақсатов, аудан әкімінің орынбасары Дархан Тлеуов, сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары қатысты.
Күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға қатысты маңызды мәселелер енгізілді:
1. Мәртөк аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 268 «2026-2028 жылдарға арналған Мәртөк аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
2. Аудандық мәслихаттың 2026 жылғы 25 маусымдағы № 328 «Мәртөк ауданының жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы.
2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті нақтылау мәселесі бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баяндама жасады. Ол мемлекеттік әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында келген мамандарға берілетін көтерме жәрдемақыларды өтеуге және көшелер мен елді мекендерді жарықтандыру бойынша қалыптасқан берешектерді өтеуге қажетті қаражаттың қарастырылғанын атап өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, сессия жұмысының қорытындысы бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.









