
Қарағанды облысында жыл сайынғы байқау қорытындысы бойынша қалалық жердегі үздік учаскелік полиция инспекторы атағына Саран қаласы полиция бөлімінің инспекторы Айдар Мақанов ие болды. Ал ауылдық жерлерде қызмет атқаратын учаскелік инспекторлар арасында Ақтоғай ауданының полиция бөлімінен Жандос Қыдыргелді жеңімпаз атанды. Енді екі қызметкер де облыс намысын байқаудың республикалық кезеңінде қорғайды.

Жыл сайынғы байқауды Қарағанды облысының Полиция департаменті ұйымдастырды. Оның мақсаты – халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары қызметкерлерді анықтау.
Байқауға қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Қазылар алқасы олардың дене дайындығын, нормативтік-құқықтық базаны білу деңгейін бағалады. Сонымен қатар тұрғындардың пікірі де ескерілді. Олар Қарағанды облысы Полиция департаментінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында өткен онлайн дауыс беру арқылы байқауға қатысушылардың бірін қолдай алды.

Байқаудың ақтық кезеңіне 10 үздік учаскелік полиция инспекторы жолдама алды. Олардың әрқайсысы бір жұмыс күні туралы бейнеролик ұсынып, қызметтік міндеттері, жұмыста кездесетін қиындықтар мен қол жеткізген нәтижелері туралы баяндады.
– Учаскелік полиция инспекторы – полиция мен қоғам арасындағы негізгі байланыстырушы буын, азаматтар ең алдымен жүгінетін қызметкер. Тұрғындардың жоғары бағасы мен байқауға қатысушылардың кәсіби жетістіктері біздің қызметкерлеріміздің өз міндеттерін абыроймен атқарып, халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайтып келе жатқанын көрсетті, – деді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Polisia.kz мәліметінше, байқау үздік қызметкерлерді анықтап қана қоймай, учаскелік полиция инспекторларының облыс тұрғындарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып жүрген үлесін атап өтуге мүмкіндік береді.
Фото Polisia.kz








