
Вена, 2026 жылғы 29 қыркүйек – 1 қазан. Венада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толуына орай бірқатар іс-шара өтті.
29 қыркүйекте Вена қалалық әкімдігінде (Ратушада) салтанатты рәсім өтті. Оған ЯСЖТШ-ға қол қойған мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және дипломатиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Іс-шарада ЯСЖТШ Ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси құттықтау сөздерін сөйледі.
Қатысушылар Шарттың ядролық сынақтарға қарсы халықаралық норманы қалыптастырудағы тарихи маңызын, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық сынақтарды бақылаудың халықаралық режимін нығайтудағы Халықаралық мониторинг жүйесінің маңызды рөлін атап өтті.
1 қазанда мерейтойлық бағдарлама ЯСЖТШ Ұйымының «Нөлге апарар жол» (The Road to Zero) атты қысқаметражды фильмінің көпшілікке арналған көрсетілімімен аяқталды. Фильмде дипломаттардың, ғалымдардың және тиісті сала мамандарының естеліктері мен ой-пікірлері арқылы халықаралық қоғамдастықтың соңғы үш онжылдықтағы негізгі жетістіктері баяндалып, ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған жаһандық күш-жігердің тарихы хронологиялық ретпен көрсетілді. Фильмде ядролық сынақтар санының 2000-нан асқан кезеңінен бастап, ЯСЖТШ қол қою үшін ашылғаннан кейін олардың айтарлықтай қысқаруына дейінгі халықаралық қоғамдастықтың жүріп өткен жолына ерекше назар аударылған.
Фильм көптеген жылдар бойы ядролық сынақтарға толық тыйым салуды дәйекті түрде қолдап келген мемлекет ретінде танылған Қазақстанның қолдауымен түсірілді. Фильмде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атап өтуінше, осы мақсатқа бейілділік Қазақстанның халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қалуда.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы халықаралық режимдерді нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл бейілділіктің тарихи үлгісі ретінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы танылды. Бүгінде Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының қызметіне белсенді қатысу және Шарттың күшіне енуіне бағытталған халықаралық күш-жігерді ілгерілету арқылы осы ұстанымын жалғастырып келеді.
Фильмді төмендегі сілтеме арқылы көруге болады:


