Көліктегі ПД Жедел басқару орталығын құруға кірісті

    Көліктегі ПД Жедел басқару орталығын құруға кірісті

    Көліктегі полиция департаменті көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық жобаны – Жедел басқару орталығын (ЖБО) құруды іске асыруға кірісті. Орталық заманауи мониторинг, талдау және жедел ден қою технологияларын біріктіріп, ахуалды бақылау мен оқиғаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз ететін болады.

    Жаңа технологиялық кешен нақты уақыт режимінде жағдайды бақылауды және оқиғаларға ден қоюды үйлестіруді қамтамасыз ететін бірыңғай басқару орталығына айналады.

    Жоба аясында ЖБО-ның толыққанды инфрақұрылымын құру және көлік жүйесінің негізгі нысандарында орнатылған 5 000 бейнебақылау камерасынан келетін бейнеағындарды бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарлануда. Бірыңғай ақпараттық контурға халықаралық әуежайлар мен теміржол вокзалдары, жеңіл рельсті транспорт (ЛРТ) нысандары, теңіз порттары және жолаушылар станциялары біріктіріледі.

    Жобада интеллектуалды биометриялық бейнеаналитиканы енгізуге ерекше назар аударылған. Технологиялық шешімдер жедел іздестіруде жүрген адамдарды автоматты түрде анықтауға, сондай-ақ жолаушылар ағыны жоғары жағдайларда хабар-ошарсыз кеткен адамдарды, оның ішінде балаларды іздеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    ЖБО құру көлік нысандарындағы бейнебақылау жүйелерін бірыңғай қорғалған инфрақұрылымға біріктіруге, ақпарат алмасудың жеделдігін арттыруға, сондай-ақ полиция бөлімшелері мен жедел қызметтердің іс-қимылдарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.

    Жобаның іске асырылуы көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи жүйесін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл жоба жолаушыларды, көлік нысандары мен жүктерді қорғауға бағытталған технологиялық тұрғыдан интеграцияланған орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары