«Алатау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ардагерлер күніне орай спорттық жарыс өтті. Алаңда Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері бас қосты.
Турнирге Департаменттің, сондай-ақ Астана станциясындағы және елорда әуежайындағы көліктегі полиция басқармаларының командалары қатысты. Қатысушылар спорттың төрт түрінен: үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және волейболдан бақ сынасты.
Жүлделі орындар үшін тартыс аса қызықты әрі шиеленісті өтті: әрбір қатысушы мінез танытып, жеңіске деген жігерін көрсетуге тырысты. Ардагерлер тамаша дене дайындығы мен тактикалық шеберліктерін паш етіп, жас әріптестеріне лайықты бәсекелестік танытты, ал жанкүйерлер турнир барысында өз командаларына қызу қолдау көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үстел теннисінен бірінші орынды Айбек Сұлтанбеков, шахматтан — Әлішер Асатов, тоғызқұмалақтан — Дарын Пүшкембаев иеленді. Волейболдан командалық турнирде ардагерлер құрамасы жеңіске жетіп, ішкі істер органдарының ардагері Темірбай Ахметов үздік ойыншы деп танылды.
Іс-шара салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оңдасын Аштаев қатысушыларды лайықты ойынмен құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және естелік сыйлықтар табыстады. Ол мұндай кездесулерді өткізу ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жеке құрам арасында спортты насихаттауға зор ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар іс-шараның барлық қатысушыларына зор денсаулық, қызметте табыс және отбасыларына амандық тіледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









