2026 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Астана және Алматы әуежайларында есірткі контрабандасының 27 дерегін анықтап, жолын кесті.
Заңсыз айналымнан шамамен 180 мың бір реттік дозаға тең келетін 98 келі есірткі заты тәркіленді. Осылайша, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі елге есірткі жеткізудің сыртқы арналарының жолын кесті. Тәркіленген заттардың қара нарықтағы жалпы құны 2,5 млрд теңгеге бағаланады. Бұл туралы Көліктегі ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштердің артында азаматтардың және тұтас ұлттың денсаулығын қорғау жолында күн сайын қажырлы еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысы тұр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полицейлері 20 жастағы Қырғызстан азаматын анықтап, ұстады. Одан 17 келі есірткі заты тәркіленді. Тергеу барысында оның Таиландтан Қазақстанға есірткі партиясын жеткізіп, кейін заңсыз өткізу арналары арқылы таратуды жоспарлағаны анықталды. Көлік полицейлерінің жедел әрекетінің арқасында халықаралық есірткі тасымалының жолы кесілді.
Сот шешімімен ұсталған азамат кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Халықаралық есірткі тасымалы арналарының жолын кесу жұмыстары жалғасуда және ерекше бақылауда.
Ф.Елубаев азаматтарды қырағы болуға және күдік тудыратын кез келген жағдай туралы полицияға дереу хабарлауға шақырды.
«Егер ішіндегісі белгісіз болса, бөгде адамдардан сақтау немесе тасымалдау үшін, тіпті ақшалай сыйақыға да, сәлемдемелерді, пакеттерді және өзге де заттарды қабылдауға қатаң тыйым салынады. Сенгіштік пен сақтық танытпау адамның қылмысқа сыбайлас ретінде тартылуына және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», – деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.









