Әуедегі ұрлық: көлік полицейлері ірі көлемдегі ақша ұрлады деген күдікпен шетел азаматын ұстады

    Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы елорда тұрғыны арызданды. Ол «Чунцин – Бейжің – Астана» бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келгеннен кейін 3 600 АҚШ долларының жоғалғанын байқап, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмек сұраған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді.

    Оның айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлік полицейлері күдіктіні ізін суытпай анықтап ұстады. Ол арызданушымен бір рейспен ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты.

    «Қаскүнем елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3 600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деді полиция полковнигі.

    Көлік полицейлерінің кәсіби әрі жедел әрекеттерінің арқасында ұрланған 3 600 АҚШ доллары заңды иесіне толық көлемде қайтарылды.

    Жәбірленуші тәртіп сақшыларына жедел әрекет еткені, мұқият көңіл бөлгені және көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

    Айта кетейік, бұған дейін де көлік полицейлері осыған ұқсас құқық бұзушылық жасады деген күдікпен екі шетел азаматын анықтап, ұстаған болатын. Қазіргі уақытта аталған іс соттың қарауында.

    Көлік полицейлері жолаушыларға әуе сапарлары кезінде жеке заттары мен ақша қаражатының сақталуына мұқият болуды ескертеді. Заттарыңыздың немесе ақшаңыздың жоғалғанын байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары