Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев Шу станциясындағы көліктегі полиция бөліміне жұмыс сапарымен барып, бөлімнің жұмысымен танысып, жеке құраммен кездесті.
Сапар барысында көлік полициясының басшысы бөлімнің әкімшілік ғимараты мен кезекші бөлімін аралап, қызмет атқару жағдайларын бағалады. Сондай-ақ теміржол көлігі нысандарында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және қызметтік тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы нысандарындағы вандализм фактілерінің алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.
А. Жұматаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқыққа қайшы әрекеттердің жолын уақтылы кесумен ғана шектелмей, жүйелі профилактикалық жұмысты да талап ететінін атап өтті. Осы тұрғыда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы зор.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Департамент бастығы жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, профилактикалық іс-шараларды күшейтуді және күнделікті қызметте заңдылықтың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.









