Көліктегі полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлері Тұрар Әубәкірұлы Әбішевтің 75 жасқа және Александр Алексеевич Лысактың 70 жасқа толуына орай салтанатты құттықтау рәсімі өтті.
Іс-шараға Департамент басшылығы мен ІІО ардагерлері қатысты.
Мерейтой иелерін Департамент бастығының бірінші орынбасары, Теміржан Рамазанов құттықтап, олардың ішкі істер органдарындағы көпжылдық адал қызметін, жоғары кәсібилігі мен мол тәжірибесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ардагерлердің қызметтік дәстүрлерді сақтауға, жинақтаған тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізуге және өскелең ұрпақтың кәсіби қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.
Салтанатты рәсім барысында мерейтой иелеріне құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Тұрар Әбішев ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1973 жылы бастап, жедел қызметтің түрлі бағыттарында қызмет атқарды. 1997 жылы қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан зейнеткерлікке шықты. Бүгінде ол Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жас қызметкерлерге өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби бағыт-бағдар беріп келеді.
Александр Лысак ішкі істер органдарындағы қызметін 1982 жылы бастап, көпжылдық еңбегі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасында білікті маман ретінде танылды. 2004 жылы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шықты.
Ардагерлердің құқық қорғау саласындағы адал қызметі, жоғары кәсібилігі мен бай тәжірибесі кейінгі буын үшін өнегелі үлгі. Олардың еңбегі мен қызметтік жолы ІІО дәстүрлерін дәріптеуге және жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына зор үлес қосады.
Көліктегі ПД басшылығы мен жеке құрамы мерейтой иелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, бақ-береке және шаттық тілейді.









