
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 3043 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 2801 шетел азаматы Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзған. Сот шешімдері бойынша 837 құқық бұзушы ел аумағынан шығарылды.
Атап айтқанда, Астана станциясының теміржол вокзалы аумағында көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері 22, 28 және 33 жастағы үш Өзбекстан азаматын анықтады. Олар Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті, заңнамада көзделген құжаттарсыз құрылыс нысанында жұмыс істеген.
Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сот шешімімен оларға ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Көлік полицейлері ескертеді:шетел азаматтары Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын, оның ішінде ел аумағында болу тәртібі мен еңбек қызметін жүзеге асыру талаптарын сақтауға міндетті.
Қажетті құжаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде ел аумағынан шығаруға және Қазақстанға кейіннен кіруге шектеу қойылуына әкеп соғуы мүмкін.









