Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласы мен еліміздің басқа да өңірлерінде «Pitbullshop» Telegram-дүкені арқылы есірткі заттарын жүйелі түрде өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде жасы 25 пен 40 аралығындағы топтың бес мүшесі анықталып, ұсталды. Топ ішінде әр қатысушының міндеті нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор қызметін атқарып, интернет-дүкенді ілгерілетумен айналысқан. Жасы 25 және 40-тағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орау және оларды жасырын орындарға орналастыру міндеттерін орындаған. Ал топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартумен айналысқан.
Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен екі мың есірткі жасырылған орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан.
Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталды. Жүргізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Топтың ұйымдастырушысы 17 жылға, қалған қатысушыларының әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Көлік полицейлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, есірткі заттарын тарату арнасының жолы кесілді.
Көліктегі ПД азаматтарды сақ болуға шақырады. Жеңіл әрі жылдам табыс табу туралы ұсыныстар, соның ішінде курьерлік жұмыс түріндегі ұсыныстар адамдарды есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту үшін пайдаланылуы мүмкін. Белгісіз заттар мен бұйымдарды сақтау, тасымалдау немесе жасырын орындарға орналастыру туралы күмәнді тапсырмаларды орындауға келіспеңіздер.
Есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік көзделген.









