Көліктегі ПД-де ІІМ ардагерлер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

    1 / 15

    Көліктегі полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ардагерлер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
    Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Жиналғандар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін құтқару жолында өз өмірін құрбан еткен қызметкерлердің рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

    Салтанатты жиынды ашқан Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев ардагерлерге айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталды. «Бұл – Қазақстан полициясының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өз қызметіне адалдық танытып, жанкештілікпен еңбек еткен алдыңғы аға буын ардагерлерімізге деген үлкен құрмет пен шынайы алғыстың белгісі. Құрметті ардагерлер, сіздер өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, мол тәжірибелеріңіз бен қызметтің озық дәстүрлерін жас мамандарға жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп келесіздер. Қызмет жылдарында танытқан табандылықтарыңыз бен Отан алдындағы борышқа адалдықтарыңыз жеке құрам үшін әрқашан үлгі-өнеге болып қала береді», – деді Абзал Жұматаев.

    Абзал Ғабдуллаұлы жиналған ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбастарына амандық пен бақ-береке тіледі.
    Салтанатты іс-шара барысында Департаментің өміріне әлі де белсене араласып жүрген ардагерлерге естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
    Марапатталғандардың қатарында отставкадағы полиция полковнигі Сарыбай Сәрсенов те болды. Ол ұзақ жылдар бойы Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Салада қырық жылға жуық уақыт мінсіз қызмет еткен Сарыбай Жанғалиұлы қатардағы милиционерден полиция полковнигіне дейінгі еңбек жолын өткерді. Әріптестері оны жоғары кәсібиліктің, табандылық пен таңдаған мамандығына адалдықтың үлгісі ретінде бағалайды. Бүгін ардақты ардагерге «Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.
    Мерекелік іс-шара ардагерлер мен шақырылған қонақтарға ерекше тарту болған концерттік бағдарламаға жалғасты.

    Айта кетейік, бүгінгі күні Көліктегі полиция департаментінде ішкі істер органдарының 2235 ардагері бар. Соның ішінде, 1 - Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 8 тыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктері бойынша теңестірілген 7 ардагер және 18 Ауған соғысының қатысушысы бар.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі полиция департаменті" жаңалықтары