
Бүгін сіздерге қолжетімді ортаны қалыптастыруға тікелей қатысты маңызды механизм туралы айтып өткім келеді.
Нысанның қолжетімді болуы дегеніміз — ғимараттың кіреберісіне пандус немесе тұтқа орнатумен ғана шектелмейді.
Ең бастысы — мүмкіндігі шектеулі адам ғимаратқа өздігінен кіріп, оның ішінде еркін қозғалып, қажетті қызметті ала алуы керек.
Осы мақсатта сәйкестік декларациясы қарастырылған.
Бұл механизм қалай жұмыс істейді?
Біздің департаментке «Е-Өтініш» жүйесі арқылы өтініш жолданады. Өтінішке қажетті құжаттар мен нысанның фотосуреттері қоса беріледі.
Департамент мамандары ұсынылған материалдарды қарайды. Қажет болған жағдайда нысанға барып, оның қолжетімділік талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін бағалайды.
Бұл ретте тек кіреберіске ғана емес, ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарына, пандустар мен көтергіш құрылғыларға, санитарлық тораптарға, бағыттау белгілеріне және қолжетімді ортаға қатысты басқа да талаптарға назар аударылады.
Егер барлық талаптар сақталса — декларация келісіліп, мақұлданады.
Ал талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталса, келісуден бас тартылады. Кемшіліктер жойылғаннан кейін өтініш беруші қайта өтініш бере алады.
Енді бірнеше көрсеткішке тоқталайын.
Бүгінгі күнге дейін біздің департаментке 29 өтініш келіп түсті.
Оның ішінде 4 декларация келісілді, 2 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім қабылданды, 10 өтініш өтініш берушілердің өздері тарапынан кері қайтарылды, ал 13 өтініш қазіргі уақытта қаралу үстінде.
Әрбір санның артында нақты бір нысан және сол нысанның қолжетімдігіне қажеттілігі бар адамдар тұр.
Сондықтан біздің міндетіміз — құжаттарды жай ғана қарап шығу емес. Ең бастысы — қолжетімділік талаптарының іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету.
Қолжетімді орта есеп үшін немесе құжат үшін жасалмайды. Ол әр адамның ғимаратқа кедергісіз кіріп, еркін қозғалып, қажетті қызметті алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажет.









