«Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы туралы»

    Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.

    Осыған орай, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, бала асырап алушысына, қорғаншысына (қамқоршысына) ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.

    Жәрдемақыны кімдер ала алады?

    Аталған мемлекеттік жәрдемақы:

    * мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне;
    * бала асырап алушысына;
    * қорғаншысына (қамқоршысына) тағайындалады.

    Жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқығы бар шетел азаматтарына беріледі. Егер отбасында мүгедектігі бар екі немесе одан да көп бала тәрбиеленсе, жәрдемақы әрбір балаға жеке тағайындалып, төленеді.

    Жәрдемақының мөлшері қандай?

    Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 184-бабына сәйкес мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін мемлекеттік жәрдемақы ай сайын ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,61 еселенген мөлшерінде төленеді.

    2026 жылы жәрдемақы мөлшері 81 871 теңгені құрайды.

    Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?

    Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті:

    * «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы;
    * электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы;
    * eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

    Жәрдемақы тағайындау кезінде қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

    Қандай құжаттар қажет?

    Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігі, мүгедектікті белгілеу туралы мәліметтер, қажет болған жағдайда бала асырап алу немесе қорғаншылық (қамқоршылық) туралы құжаттар және банктік шот деректемелері талап етіледі.

    Айта кету керек, аталған мемлекеттік жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен төленеді және отбасының әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге бағытталған.

    Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен заңды өкілдерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алу үшін Ақтөбе облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Департаментіне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне жүгінуге болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаменті" жаңалықтары