Сәйкестік туралы декларация: 2026 жылғы 1 шілдеден бастап не өзгерді?
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін құрылыс объектілерінің қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растаудың жаңа тетігі енгізілді
Кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік мекемелерге, медициналық ұйымдарға, білім беру, мәдениет, спорт, сауда объектілеріне және көлік инфрақұрылымына еш кедергісіз бару мүмкіндігі – бұл жай ғана қолайлылық мәселесі емес, әрбір азаматтың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің қажетті шарты.
Қазақстан Республикасында объектілердің қолжетімділік талаптарын сақтау жөніндегі бақылауды күшейту мақсатында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің сәйкестік туралы декларацияларын келісудің жаңа тетігі енгізілді.
Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы №253-VIII жаңа Құрылыс кодексінде көзделген және кедергісіз орта талаптарының тек құжат жүзінде ғана емес, құрылыс және объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде іс жүзінде сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сәйкестік туралы декларация дегеніміз не?
Сәйкестік туралы декларация – мердігердің (бас мердігердің) орындалған құрылыс жұмыстарының бекітілген жобалау құжаттамасына және мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес келетінін растайтын құжат.
Қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігінде бұл тетік құрылыс аяқталған объектінің кедергісіз ортаға қажетті элементтермен жабдықталғанын және оны мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарының қауіпсіз пайдалана алатынын қосымша растауды көздейді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде сәйкестік туралы декларацияларды келісу өкілеттігі берілді.
Осылайша, құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау кезінде орындалған құрылыс жұмыстарының сапасы ғана емес, азаматтардың барлық санаттары үшін кедергісіз қолжетімділік жағдайларының нақты қамтамасыз етілуі де ескеріледі.
Жаңа талаптар қандай объектілерге қолданылады?
Қолжетімділік талаптары әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне, сондай-ақ халықтың келуі мен қызмет алуына арналған өзге де объектілерге қолданылады.
Атап айтқанда, оларға:
- денсаулық сақтау объектілері;
- білім беру ұйымдары;
- мәдениет және спорт мекемелері;
- халықты әлеуметтік қорғау объектілері;
- әкімшілік ғимараттар мен мемлекеттік мекемелер;
- сауда және қоғамдық тамақтану объектілері;
- вокзалдар және көлік инфрақұрылымының басқа да объектілері;
- азаматтарға қызмет көрсетуге арналған өзге де ғимараттар мен құрылыстар жатады.
Бұл ретте қолжетімділік талаптары құрылыс аяқталғаннан кейін ғана емес, жобалау кезеңінен бастап ескерілуі тиіс.
Объектінің қолжетімділігін бағалау кезінде не тексеріледі?
Декларацияны келісудің негізгі кезеңдерінің бірі – объектінің нақты жай-күйін бағалау. Осы кезеңде аумақтық департаменттердің мамандары объектіні тексеріп, кедергісіз ортаның қажетті элементтерінің болуын және белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Атап айтқанда, мыналар тексеріледі:
- Іргелес аумақ– объектіге дейінгі қолжетімді жүретін жолдардың болуы, қозғалыс бағыттарында кедергілердің болмауы.
- Кіреберіс тобы– ғимаратқа кедергісіз кіру және шығу мүмкіндігі, пандустардың, тұтқалардың және басқа да қажетті құрылғылардың болуы.
- Ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдары– есік ойықтары мен дәліздердің ені, кресло-арбаларды пайдаланушылардың өздігінен қозғалуына жағдай жасалуы.
- Тік бағытта қозғалу құралдары– егер жобада көзделсе немесе нормативтерге сәйкес қажет болса, лифтілердің, көтергіш платформалардың және басқа да арнайы құрылғылардың болуы мен қолжетімділігі.
- Санитариялық-гигиеналық үй-жайлар– бейімделген санитариялық бөлмелердің болуы.
- Ақпараттық және навигациялық қолжетімділік– көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған қажетті визуалды, тактильді және өзге де ақпараттық құралдардың болуы.
- Қауіпсіздік және дербестік– бөгде адамның көмегінсіз қауіпсіз қозғалу және қызмет алу мүмкіндігі.
Бағалау кезінде Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 154-бабының, құрылыс нормалары мен қағидаларының, сондай-ақ қолжетімділікті қамтамасыз ету саласындағы өзге де қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптары ескеріледі.
Декларацияны келісу қалай жүзеге асырылады?
Келісу рәсімі бірнеше дәйекті кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – өтініш беру.
Мүдделі тұлға объектінің орналасқан жері бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінеді.
Өтініш «e-Өтініш» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы немесе қағаз жеткізгіште берілуі мүмкін.
Өтінішке қажетті құжаттар, оның ішінде:
- мердігер (бас мердігер) қол қойған сәйкестік туралы декларация;
- объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
- объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар бөлігіндегі жобалау құжаттамасы;
- көзделген іс-шаралардың нақты орындалғанын растайтын фотоматериалдар қоса беріледі.
Ұсынылған құжаттар анық, өзекті және объектінің нақты жай-күйін бағалауға мүмкіндік беретін болуы тиіс.
Екінші кезең – өтініш пен құжаттарды қарау.
Аумақтық департамент мамандары ұсынылған материалдарды зерделейді, мәліметтердің толықтығын және жобада көзделген іс-шаралардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін тексереді.
Үшінші кезең – объектіге барып тексеру.
Нақты қолжетімділікті растау мақсатында мамандар объектіге барып, оның жай-күйін бағалайды, фотофиксация жүргізеді және қажетті мәліметтерді тіркейді.
Төртінші кезең – шешім қабылдау.
Құжаттарды қарау және объектіні тексеру нәтижелері бойынша оның белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкестігі айқындалады.
Сәйкестігі расталған жағдайда декларация келісіледі.
Бұзушылықтар немесе сәйкессіздіктер анықталған жағдайда өтініш берушіге жою қажет нақты ескертулер көрсетілген дәлелді бас тарту ұсынылады.
Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін өтініш беруші декларацияны келісу үшін аумақтық департаментке қайта жүгінуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 76-бабына сәйкес өтінішті қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды.
Қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін кім жауапты?
Объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету құрылыс процесіне қатысушылардың өздеріне жүктелген міндеттер шегіндегі ортақ жауапкершілігі болып табылады.
Тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдар бекітілген жобалық шешімдер мен құрылыс нормативтерінің талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
Бұл ретте декларация мен өзге де құжаттарды ұсыну құрылысқа қатысушыларды орындалған жұмыстардың сапасы және заңнаманың міндетті талаптарын сақтау үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Жаңа тетік объектіні пайдалануға қабылдағанға дейін кемшіліктерді анықтауға және оларды тиісті кезеңде жою жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұл неге әрқайсымыз үшін маңызды?
Қолжетімді орта тек мүгедектігі бар адамдарға ғана қажет емес. Ол егде жастағы азаматтар, балалар арбасын пайдаланатын ата-аналар, кіші жастағы балалар, қозғалысы уақытша шектелген адамдар және өздігінен жүріп-тұру кезінде қиындықтарға тап болатын барлық азаматтар үшін де маңызды.
Пандустың болуы өздігінен объектінің толық қолжетімді екенін білдірмейді. Ең бастысы – адамның ғимаратқа өздігінен кіруі, оның ішінде еркін қозғалуы, қажетті үй-жайларды пайдалануы және қызметтерді қосымша кедергілерсіз алуы.
Сондықтан жаңа тетік жекелеген элементтерді ғана емес, объектіні қауіпсіз әрі өздігінен пайдалану мүмкіндігін бағалауды көздейді.
Сәйкестік туралы декларацияларды келісу – қолжетімділік талаптарының бұзылуына жол бермеуге және қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бақылаудың қосымша құралы.
Қолжетімді орта пандус орнатудан емес, әрбір адамның қажеттілігін түсінуден басталады.
Жаңа талаптарды іске асыру құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және Қазақстанда тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









