Өскемендіктер қала күнін кең көлемде атап өтеді

    Өскемендіктер қала күнін кең көлемде атап өтеді

    Биыл Өскемен қаласының күні ауқымды түрде аталып өтеді. 25-30 тамыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 50-ден астам мәдени, спорттық және ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылады.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында қала әкімі Алмат Ақышов мәлімдеді.

    Оның айтуынша, мерекелік бағдарлама қаланың негізгі қоғамдық кеңістіктерін қамтиды. Атап айтқанда, Арбатта, Республика алаңында, амфитеатрда, Достық үйі алдындағы алаңда, саябақтарда және басқа да орындарда түрлі іс-шаралар өтеді.

    «Биыл тұрғындардың әртүрлі жас санатына қызықты болатын бағдарлама әзірлеуге тырыстық. Мерекелік шаралар мәдениет пен спортты, концерттік бағдарламаларды, отбасылық және гастрономиялық фестивальдерді қамтиды. Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамын», – деді Алмат Ақышов.

    Мерекелік бағдарлама 25 тамызда Арбатта өтетін арт-фестиваль мен «Dance Battle» сайысынан басталады. Одан кейін «White Party Oskemen», «Ұлы дала батырлары» жекпе-жек турнирі, «Шашлык фест», «Oskemen Night Run» түнгі жүгіруі, ақындар айтысы, «Oskemen Retro 2026» фестивалі, батпырауықтар фестивалі және классикалық музыка кеші ұйымдастырылады.

    Негізгі мерекелік шаралар 30 тамызда өтеді. Қала орталығында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, «Бал фестивалі», ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, «Қарбыз фестивалі» және «Drag Racing» автожарысы ұйымдастырылады.

    Мерекенің басты бөлігі – сағат 18:00-де Республика алаңында өтетін үлкен концерт. Кеште Меруерт Түсіпбаева, Amre, Жігер Ауыпбаев, Серік Ибрагимов, Daricorn, Yenlik, «Ninety One» тобы және ресейлік «Краски» тобы өнер көрсетеді.

    «Әр тұрғын өзіне қызықты іс-шараны тауып, көтеріңкі көңіл күй мен жақсы әсер алады деп сенемін. Бұл мереке қала тұрғындарын біріктіріп, Өскеменге ерекше көңіл күй сыйласа дейміз», – деп атап өтті қала әкімі.

    Мерекелік кеш әсерлі отшашумен аяқталады.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары