6 қарашада Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді талқылады.
Глубокое ауданы мен Риддер қаласын қамтыған кездесулерде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік пен жастардың мүмкіндіктері сөз болды.
Глубокое ауданында Құрылтай депутаты Ерлан Саиров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков және мемлекеттік органдар өкілдері аудан активімен, мәдениет және спорт қызметкерлерімен кездесті. Тұрғындар медициналық қызмет сапасын арттыру, жолдарды жөндеу, сапалы ауызсу, жылумен қамту және ауылдарды абаттандыру мәселелерін көтерді.
Ерлан Саиров өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар Шығыс Қазақстанның туристік, көлік және цифрлық хабқа айналуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымға 6,5 трлн теңге бағытталып, денсаулық сақтау саласында 70 нысан, білім беру, мәдениет және спорт бағыттарында 50 нысан салу жоспарланғанын жеткізді.
Риддерде Құрылтай депутаттары Олжас Нұралдинов пен Жұлдыз Данбаева қала активімен, «Алтай» ботаникалық бағының және «Водоканал» кәсіпорнының ұжымдарымен кездесті. Жиындарда қаланың өнеркәсіптік әлеуеті, жылу электр орталығын жаңғырту, су құбырлары мен кәріз желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Водоканал» кәсіпорнының сарқынды суларды тазарту құрылыстары тәулігіне 26 мың текше метр суды өңдейді. Ал жобалық қуаты 34 мың текше метрді құрайды. Кәсіпорынға 2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген.
«Алтай» ботаникалық бағындағы кездесуде ғылыми зерттеулерді дамыту, табиғатты қорғау және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы сөз болды. Депутаттар Жолдаудағы маңызды бастамалардың бірі ретінде ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру мәселесін атап өтті. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына әсер етуі мүмкін.
«Алтай» ботаникалық бағының ғылым, мониторинг, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Людмила Винокурова еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтті.
– Еңбекақы мен өмір сапасына қатысты бастамалар әр адамға әсер етеді. Біздің жұмысымыз табиғатты, орманды қорғаумен, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырумен тығыз байланысты. Сондықтан Жолдауда айтылған міндеттерді алдағы қызметімізге бағдар ретінде қабылдаймыз. Әрқайсымыз өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз, – деді ол.
Кездесулердің тағы бір бағыты жастармен диалог болды. Өскеменде «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен жастар өкілдері бас қосып, азаматтық бастамаларға қатысу, әлеуметтік жауапкершілік және жас буынның өңір дамуына қосар үлесі жөнінде пікір алмасты.
Жалпы, Глубокое ауданы мен Риддердегі кездесулерде көтерілген мәселелер өңір дамуының басты міндеттері халықтың күнделікті қажеттіліктерімен тікелей байланысты екенін көрсетті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









