«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Өскемен қаласында Үлкен Нарын ауданының мәдени күндері басталды. Екі күнге жоспарланған шаралар ауданның бай тарихын, өнері мен ауыл шаруашылығы әлеуетін кеңінен таныстыруға бағытталған.
6 қарашада Үлкен Нарынның тарихи мұрасы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырған көрме ұйымдастырылды. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ұсынылған экспозициялармен танысты.

Көрмеден ауданның тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді, жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін және мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстарын көруге болады. Әр бұйым мен жәдігер - туған өлкенің тарихын, тұрмыс-тіршілігін және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрін танытатын құнды мұра.

Көрме ауданның табиғи байлығын, еңбек адамдарының жетістіктерін және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін паш етті.

Одан соң Үлкен Нарын ауданының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен күй, ұлттық өнер мен сахналық қойылымдар арқылы ауданның мәдени келбеті кеңінен көрініс тапты.

Мәдени күндер 7 қарашада да жалғасады. Ертең Өскеменде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге Үлкен Нарынның жергілікті өнімдері ұсынылмақ. Сонымен қатар өнерпаздар концерті мен ұлттық спорт ойындары өтеді. Бағдарламада қой көтеру, гір көтеру, қымыз ішу және ләңгі тебуден сайыстар бар.
Айта кетейік, «Туған жер - алтын бесігім» жобасы өңір аудандарының мәдениеті мен жетістіктерін қала тұрғындарына таныстырып қана қоймай, ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтуға, жергілікті өндірушілер мен өнерпаздарды қолдауға мүмкіндік береді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









