
Ақтау қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Ағымдағы жылдың 15-20 тамызы аралығында өтіп жатқан іс-шара барысында Ақтау қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарды аралап, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін бақылауда.
Рейдтердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде және ойын-сауық орындарында болу фактілерінің алдын алу, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу.
Рейд барысында ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта жүрген кәмелетке толмағандар анықталды. Анықталған фактілер бойынша олардың заңды өкілдеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар, ойын-сауық орындарының иелері мен тұрғындарға кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеу және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау бойынша түсіндіру-профилактикалық жұмыстары жүргізілді.
Ақтау қаласы Полиция басқармасы ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, ал сағат 23:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз болуына жол берілмейді.
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы рейдтік жұмыстар жалғасуда.
https://www.instagram.com/reel/DcDvXqrK7Z4/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==









