
10 тамыз – Абай күніне орай аудандық орталық кітапхана ұжымы «Абай мұрасы – халық ұлағаты» және «Абайдың цифрлық ізі» атты әдеби-танымдық, интерактивті іс-шараларды ұйымдастырды.
Ашық аспан астында өткен тағылымды кеште жас оқырмандар ұлы ойшылдың жүрекке жетер өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындады. Сонымен қатар тұрғындар мен жастар QR-кодтар арқылы Абайдың қара сөздері мен өмірі жайлы сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынға салды. Арнайы ұйымдастырылған көшпелі кітап көрмесі көпшілік тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.
Интерактивті бөлімде қатысушылар «Жан Құмары» және «Нұрлы Ақыл» командаларына бөлініп, эмодзи-квиз, QR-код тапсырмалары, музыкалық каверлерді тану және инфографикалық сұрақтар арқылы тапқырлықтары мен білімдерін көрсетті. Заманауи технологиялардың мүмкіндігін пайдалану арқылы Абай мұрасы жаңа қырынан насихатталып, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды.
Кеш соңында белсенді қатысушыларға естелік кітаптар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Абайдың асыл мұрасын ұлықтап, оның тағылымды сөзін цифрлық кеңістікте дәріптеуге үлес қосқан барша аудан тұрғындары мен жастарға алғыс білдіреміз!
Абай күні құтты болсын! Ұлы ақынның өнегелі мұрасы ұрпақ санасында мәңгі жасай берсін!







