ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ОТЫРЫС ӨТТІ

    ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ОТЫРЫС ӨТТІ
    Отырар аудандық қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Төрехан Амантай ашып, жүргізіп отырды. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, қоғамдық кеңес мүшелері, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары, бақ өкілдері мен жауапты мамандар қатысты.
    Күн тәртібіне аудан тұрғындары үшін маңызды үш мәселе енгізілді. Атап айтқанда, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, Отырар ауданы бойынша елді мекендердің шекараларын өзгерту туралы бірлескен қаулы және шешім жобасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты каналдарды қайта жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін жалпы көлемі 235,8 гектар жер учаскесіне бес жыл мерзімге қауымдық сервитут белгілеу туралы қаулы жобасы қаралды.
    Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі кеңінен талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды ортаға салды.
    Қоғамдық кеңес мүшесі Байбатша Тастанбеков аудандық ауруханада көз дәрігерінің жоқтығы тұрғындарға үлкен қолайсыздық туғызып отырғанын айтты. Сонымен қатар, тегін дәрі-дәрмек алу кезінде ұзын-сонар кезек қалыптасатынын, ауруханаға жоспарлы түрде жату мәселесінде де тұрғындардың біраз қиындыққа кезігетінін жеткізді. Ал, Бақытжан Сапарбай түрлі анықтамалар мен медициналық құжаттарды алу барысында да тұрғындардың ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр болатынын айтып, бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті. Жиын барысында Қалдан Байжұман, Дәурен Полатбаев, Әбдірахман Мәуленқұл, Бегалы Әймішов, Дәурен Ақсақаловтар денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер бар екенін баса айтып, кезектілік көбейген сәтте жұмыс күшін арттыру, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру, елді мекендердегі тұрғындарға дәрігерлерге қаралу мерзімін хабарлап отыру секілді ұсыныстарын жеткізді.
    Көтерілген мәселелерге жауап берген аудандық аурухананың басшысы Бауыржан Әбдімәлік қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер назарға алынатынын, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытында мамандармен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
    Жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов денсаулық сақтау саласындағы тәртіп пен қызмет көрсету мәдениетін күшейту қажеттігін ерекше атап өтті. Ол аудандық аурухана басшысына еңбек тәртібін қатаң бақылауға алып, тұрғындардың орынды талап-тілектеріне жедел назар аударуды, көтерілген мәселелерді қысқа мерзімде шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.
    Күн тәртібіне енгізілген өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, қоғамдық кеңес мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Отырар ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары