
Семей қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері арнайы бейнебақылау арқылы арнайы жарық және дыбыс сигналдарын қосып қозғалған жедел жәрдем көлігіне жүргізушілердің жол беру тәртібін бақылау мақсатында профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін бағалау, арнайы қызмет көліктеріне уақытылы жол берудің маңыздылығына қоғам назарын аудару және жолдағы өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін нығайту.
Бақылау нәтижесінде жүргізушілердің басым бөлігі жедел жәрдем көлігіне дер кезінде жол беріп, жоғары азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениет танытқаны анықталды. Бұл – тұрғындардың адам өмірі мен денсаулығына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар, жекелеген жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін сақтамау белгілері де назарға алынды. Мұндай әрекеттер төтенше жағдайда медициналық көмектің кешігуіне себеп болуы мүмкін.
Полиция барлық жүргізушілерге арнайы жарық және дыбыс сигналдары қосылған жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметі көліктеріне міндетті түрде жол беру қажеттігін еске салады.
Жолдағы бір ғана дұрыс шешім – бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Әр секундтың бағасы бар. Жол беріңіз – өмірге мүмкіндік беріңіз!









