ШҚО-да вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатыр

    ШҚО-да вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатыр

    Шығыс Қазақстан облысында вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатыр. Ертіс өзені алабында үшінші жыл қатарынан су аз болғанына қарамастан, өңірдегі шаруалар суармалы сумен толық қамтамасыз етілген.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Ернар Мәдиев мәлімдеді.

    Оның айтуынша, суару маусымына дайындық өткен жылдың соңында басталған. Осы уақыт ішінде су қоймаларында қажетті су қоры жиналып, гидромелиорациялық жүйелер әзірленген. Сондай-ақ су пайдаланушылармен электрондық келісімшарттар жасалып, фермерлерге суды тиімді пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

    Биыл өңірде 27,7 мың гектар егістік алқабын суару жоспарланған. Бұл мақсатқа 52,8 миллион текше метр су пайдаланылады. Қазіргі уақытта 9 мың гектардан астам суармалы жерге су беріліп, шамамен 38,9 миллион текше метр су жұмсалған.

    Мамандардың мәліметінше, облыстағы ірі су қоймаларында 37,35 миллиард текше метр су қоры бар. Бұл жалпы жобалық сыйымдылықтың 74 пайызынан асады. Сондықтан қолдағы су қоры вегетациялық кезеңді тұрақты өткізуге толық жеткілікті.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары