Шығыс Қазақстан қоныс аударушылар үшін жаңа мекенге айналуда

    1 / 4

    ШҚО-да өңірге қоныс аударып, тұрақты тұруға ниетті азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жұмысқа орналасудан бастап, кәсіпкерлікті дамыту мен баспана мәселесін шешуге дейінгі бағыттар қамтылған. Жүзеге асырылып жатқан «Шығыс шақырады» жобасы аясында облысқа жаңа тұрғындарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аймаққа 16 отбасы көшіп келді. Ал сұранысқа ие мамандарды тарту және ауылдарды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

    Бастапқыда жоба облыстың төрт ауданын қамтуды көздеген болатын. Бүгін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның ауқымын кеңейтіп, оны өңірдің өзге де аудандарында жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға және олардың жаңа ортаға бейімделіп, жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударды.

    Шығыс Қазақстан еңбек етуге, өз кәсібін ашуға және болашағын осы өңірмен байланыстыруға дайын азаматтарға мүдделі. Мұнда кәсіби тұрғыда дамуға, кәсіпкерлікпен айналысуға және жайлы өмір сүруге мүмкіндік бар. Сондықтан облыста көші-қон тек тұрғылықты жерді ауыстырумен шектелмеуі үшін жаңа қоныстанушыларды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптастырылып келеді.

    Бұл бағыттағы негізгі тетіктердің бірі - «Шығыс шақырады» өңірлік жоспары. Еске салсақ, жоба былтыр қабылданған. Ол білікті мамандарды тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, тұрғын үй мәселесін шешу және отбасылардың ШҚО-да тұрақтап қалуына жағдай жасау сияқты бірнеше бағытты қамтиды.

    2026 жылы Шығыс Қазақстанға 16 отбасы құрамында 67 адам қоныс аударды. Жаңа тұрғындар Риддер, Алтай қалаларына, Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл, Ұлан, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Самар аудандарына орналасты.

    Бұл ретте қоныс аударушылармен жұмыс олардың өңірге келуімен аяқталмайды. Отбасылардың жаңа ортаға бейімделуі, тұрмыстық жағдайын реттеуі және жұмысқа орналасуы басты назарда. Еңбекке жарамды жастағы 26 отандасымыздың 23-і тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған үшеуі бала күтіміне байланысты демалыста.

    Шығыс Қазақстанға қандай мамандар қажет?

    Басым бағыттардың бірі - әсіресе медицина қызметкерлері, жұмысшы мамандар және басқа да сұранысқа ие кадрлар тапшы аудандар мен ауылдарға білікті мамандар тарту. Осы мақсатта «Оңтүстік – Шығыс маманы» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға қатысатын мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген ипотекалық несие беру, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы бастапқы жарнаны төлеуге көмектесу қарастырылған.

    Бұл бағытта алғашқы нәтижелер де бар. Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлсім Кенжебекова Риддер қаласына қоныс аударып, бағдарлама мүмкіндігін пайдаланды. Ол ипотекалық несие рәсімдеп, пәтер сатып алды. Ал Катонқарағай ауданына көшіп келген хирург пен офтальмолог, Риддер қаласына қоныстанған жерасты кеншісі қазір жобаға қатысу үшін қажетті құжаттарын рәсімдеп жатыр. Осылайша, елді мекендерге қажетті мамандар тартылып қана қоймай, олардың жаңа ортаға бейімделіп, баспаналы болуына да қолдау көрсетілуде.

    Өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар

    Облыс жалдамалы жұмысшыларды ғана емес, кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды да тартуға мүдделі. Олар үшін жеке ісін ашуға арналған гранттар қарастырылған. Биыл қоныс аударушыларға 16 грант берілді.

    Қолдау тапқан кәсіпкерлік жобалар мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, сауда, өндіріс және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бұл - бастапқы кезеңде қаржылай көмек алумен шектелмей, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға, жергілікті экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға деген мүмкіндік.

    Бұл ретте жергілікті тұрғындарға нақты пайда әкелетін, ұзақ мерзімді перспективада тиімділігін көрсететін бастамаларға басымдық беріледі.

    Баспанамен қамту - көшіп келудің маңызды шарты

    Туған жерін, қалыптасқан тұрмысын артқа тастап, Шығыс Қазақстанға қоныс аударуға бел буған отбасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі - жеке баспанаға қол жеткізу. Сондықтан облыста бұл мәселені шешудің қосымша тетіктері қолға алынған.

    «Құтты өңір» жобасы аясында кәсіпкерлер ауылдардағы бос тұрған үйлерді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Кейін оларды жаңа қоныстанушыларға ұсынады. Мұндай тәсіл бір жағынан көшіп келген отбасылардың баспана мәселесін шешуге көмектессе, екінші жағынан ұзақ уақыт бос тұрған үйлерді қайта пайдалануға мүмкіндік береді.

    Бұған Марқакөл ауданындағы тәжірибе дәлел.

    Кәсіпкер Бауыржан Жағашаров Ақбұлақ ауылындағы бес үйді жөндеп, оларды экономикалық ұтқырлық сертификаттарын пайдалана отырып қоныс аударған отбасыларға сатты. Биыл Марқакөл ауданында, соның ішінде Ақбұлақ ауылында кәсіпкерлер тағы екі үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл баспаналар келер жылы қоныс аударушыларға ұсынылады.

    Тағы бір әлеуетті бағыт - «Бірқабатты Шығыс» жобасы. Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауына байланысты енді бұл жобаны шекара маңындағы аумақтарда іске асыру мүмкіндігі қарастырылмақ. Бастама жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға және шекаралық елді мекендерде отбасылардың тұрақты тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

    Облыс ішінде де жаңа мүмкіндіктер қарастырылған

    Қалалардан ауылдарға ерікті түрде қоныс аударуға да ерекше көңіл бөлінуде. Көктемде бекітілген бағдарлама Өскемен, Риддер және Алтай қалаларынан ШҚО ауылдарына көшіп, елді мекендердің дамуына үлес қосуға дайын еңбекке қабілетті азаматтарға арналған.

    Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында 36 адамнан тұратын 11 отбасы қоныс аударды. Оның бесеуі Марқакөл ауданына, алтауы Катонқарағай ауданына орналасты.

    Барлық қажетті ақпарат бір жерде

    Әлеуетті қоныс аударушыларға өңірдің мүмкіндіктерін бағалап, саналы шешім қабылдауды жеңілдету үшін арнайы «Шығыс шақырады» ақпараттық сайты әзірленді. Оның мекенжайы - altynqaqpa.kz.

    Платформада қолдау шаралары, бағдарламаларға қатысу талаптары, сұранысқа ие бос жұмыс орындары, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандарынан баспана сатып алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілген. Мұнда ұсынылған үйлердің фотосуреттерін, бағасы мен мекенжайын көруге және қажетті құжаттар тізімімен танысуға болады.

    Басты мақсат - өңірге адамдарды тарту ғана емес, олардың осында өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау. Шығыс Қазақстан еңбек етуге, өз ісін бастауға және облыстың болашағына үлес қосуға дайын отбасыларға, жас мамандарға, білікті жұмысшылар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге мүдделі.

    Ол үшін қолдау шараларын ұсынумен қатар, инфрақұрылымды жүйелі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй мәселесін шешу және адамдардың өңірде тұрақтап қалуына негіз болатын жағдай қалыптастыру маңызды.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары