«Қауіпсіздік әр үйге» акциясы аясында ШҚО ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, еріктілер және электр мамандарымен бірлесіп, пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралап жатыр.
Тексеру барысында пештердің, мұржалардың және электр сымдарының жай-күйі тексеріледі. Сонымен қатар тұрғындарға жылыту құрылғыларын пайдалану ережелері түсіндіріліп, мұржаларды күйеден уақтылы тазалап отыру қажеттігі ескертіледі.
сіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылған. Құтқарушылар олардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктерді орнатып, құрылғылар орнатылғаннан кейін олардың жұмыс жағдайын бақылауда ұстайды.
«Қауіпсіздік әр үйге» профилактикалық акциясы тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Жылыту маусымы басталған кезде, әдетте, өрт саны мен иіс тию жағдайлары көбейеді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе өрт шығу қаупі туындаған үйлерге ерекше көңіл бөлінеді. Жылыту маусымы басталғалы бері барлығы 20 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 9 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында жылыту пештерінің мұржаларын уақтылы тазаламау, зақымдалған және тозған электр құрылғыларын пайдалану, ұшқын шығаратын розеткалар бар. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 2 758 үйдің барлығына улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды, – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әмре.
Полиция қызметкерлері рейдтер барысында қоғамнан оқшау өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұрғылықты жерлерін анықтап, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Өйткені өрттен зардап шеккендердің арасында көбінесе мас күйде жүретін және темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдаланатын адамдар кездеседі.
«Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды көздейді. Сондай-ақ өрт оқиғаларының, адам өлімінің және иіс тию жағдайларының алдын алу мақсатында мекемелер мен қызметтердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Дереккөз: ШҚО ТЖД
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









