
Бүгін, 6 тамыз күні Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қызметтік міндеттерін жоғары кәсібилікпен орындап, баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерін қабылдап, Алғыс хаттармен марапаттады.
Еске сала кетсек, 30 шілде күні «102» арнасына Ақтау қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің 10-қабатындағы ашық терезенің сыртқы жақтауында баланың тұрғаны және оның өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен Ақтау қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – полиция лейтенанты Данияр Татиев пен полиция капитаны Ержан Көкенов кәсіби шеберлік пен үйлесімді іс-қимылдың арқасында ғимараттың сыртқы жақтауында тұрған баланы аман-есен құтқарып қалды. Полицейлердің жедел әрі батыл әрекетінің нәтижесінде қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Қабылдау барысында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында адал қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен жанқиярлығына жоғары баға беріп, олардың ерлігі үшін алғысын білдірді.
– Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Қиын сәтте батылдық танытып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жанқиярлықтарыңыздың арқасында бүлдіршіннің өмірі аман қалды. Бұл – баршаға үлгрусі болатын ерлік. Сіздерге адал қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді қала әкімі.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет ететіндерін жеткізді.
Мұндай марапаттар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың ерлігі мен кәсібилігін дәріптеуге бағытталған.
https://www.instagram.com/reel/DbshVTfqF4q/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==








