ДРОППЕР БОЛУ – ОҢАЙ АҚША ЕМЕС, ӨЗ БОЛАШАҒЫҢА ҚАУІП!

    ·
    ДРОППЕР БОЛУ – ОҢАЙ АҚША ЕМЕС, ӨЗ БОЛАШАҒЫҢА ҚАУІП!

    Кейбір азаматтар бөтен адамның ақшасын өз банк картасы немесе жеке шоты арқылы өткізу, банк картасын уақытша пайдалануға беру немесе сыйақы үшін өз деректерін ұсынуды қарапайым қызмет не оңай табыс көзі деп қабылдауы мүмкін. Алайда мұндай әрекеттердің артында ұйымдасқан алаяқтық схемалар жасырынып жатады.

    Қылмыскерлер ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған қаражаттың ізін жасыру мақсатында үшінші тұлғаларды – «дропперлерді» пайдаланады. Сіз өз картаңызды немесе банк шотыңызды ұсынған сәттен бастап, заңсыз қаржылық операциялардың қатысушысына айналуыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда «мән-жайды білмедім» немесе «жай ғана көмектестім» деген уәждер заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.

    2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы заңды күшіне енді.
    Аталған бапқа сәйкес, дропперлік, яғни өзіңіздің банк шотыңызды, төлем карталарыңызды немесе өзге де төлем құралдарын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға беру, сондай-ақ заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыруға жәрдемдесу – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

    Дроппер болудың құқықтық салдары:

    Қылмыстық жауапкершілік.
    Алаяқтық қылмысына қатысушы немесе сыбайлас ретінде жауапқа тартылып, сотталуыңыз мүмкін.

    Қаржылық шектеулер.
    Банктер мен қаржы ұйымдары сізді тәуекелі жоғары клиент ретінде бағалап, банк қызметтерін пайдалануға шектеулер енгізуі, шоттарыңызды бұғаттауы немесе жаңа банк өнімдерін рәсімдеуден бас тартуы мүмкін.

    Материалдық жауапкершілік.
    Жәбірленушілерге келтірілген залалды сот шешімімен өз қаражатыңыз есебінен өтеуге міндеттелуіңіз ықтимал.

    Есте сақтаңыз!
    Банк картаңызды, банк шотыңызды және төлем құралдарыңызды ешкімге пайдалануға бермеңіз.
    Жеке сәйкестендіру деректерін, ЖСН-ды, ПИН-кодты, CVV/CVC кодын және SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтарын бөтен адамдарға хабарламаңыз.
    «Жеңіл табыс», «ақшаңызды көбейтеміз», «картаңызды уақытша жалға беріңіз», «ақша өткізіп беріңіз» деген ұсыныстарға сенбеңіз.
    Күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан бас тартып, алаяқтық белгілері анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе банкке дереу хабарласыңыз.

    Бірнеше мың теңге көлеміндегі уақытша пайда сіздің болашағыңызға, қаржылық тұрақтылығыңызға және заң алдындағы жауапкершілігіңізге қауіп төндіруі мүмкін.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары