
Құрметті Абай облысының тұрғындары!
Қазіргі таңда интернет кеңістігінде алаяқтықтың жаңа түрлері белең алып отыр. Қылмыскерлер заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, азаматтарды алдаудың тың тәсілдерін қолдануда.
Алаяқтар танымал онлайн сауда алаңдарында жалған хабарландырулар орналастырады. Олар әртүрлі тауарларды — тұрмыстық техника, телефон, жиһаз немесе басқа да заттарды сататынын айтып, шынайы сатып алушылармен байланысқа шығады.
Келісім жасалғаннан кейін алаяқтар сенімге кіру үшін:
– «зат дайын тұр»;
– «курьер алып кетуге келеді»;
– «төлемді қазір аударсаңыз, жеткізу ұйымдастырылады» деген сылтаулар айтады.
Алайда бұл — алаяқтық схема болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта алаяқтар жасанды интеллект көмегімен жалған фотосуреттер, құжаттар немесе «дәлел ретінде» ұсынылатын бейнелерді жасап, азаматтарды адастыруда. Мысалы, олар тауардың бар екенін көрсету үшін өңделген суреттерді жіберіп, курьердің келгенін немесе заттың дайын тұрғанын растайтын жалған материалдар ұсынуы мүмкін.
Мұндай жағдайда басты мақсат — азаматты асықтырып, тауарды көрмей тұрып алдын ала ақша аудартуға мәжбүрлеу.
Абай облысы Полиция департаменті ескертеді:
Интернет арқылы сауда жасағанда бейтаныс адамдарға толық сенім артпаңыз.
Тауарды көзбен көрмей, тек суретке қарап немесе бейне арқылы расталған ақпаратқа сүйеніп, алдын ала төлем жасамаңыз.
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз.
Сатушының немесе сатып алушының парақшасын, байланыс нөмірін мұқият тексеріңіз.
Бағасы тым төмен, асықтыратын немесе «қазір шешім қабылдаңыз» деп қысым көрсететін ұсыныстарға сақ болыңыз.
Есте сақтаңыз: алаяқтар адамның сенімін пайдаланады, ал жасанды интеллект олардың алдау әдістерін күрделендіре түсуде. Технология дамыған сайын сақтық пен ақпараттық сауаттылықтың маңызы арта береді.
Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді әрекетке тап болсаңыз, уақыт жоғалтпай полицияға хабарласыңыз.







