
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасы бойынша ведомствода жасанды интеллект мүмкіндіктерін ішкі істер органдарының жұмыс үдерістеріне енгізу, сондай-ақ қызметкерлердің цифрлық және жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамыту бағытында Абай облысы Полиция департаментінің басшылық құрамына «Жасанды интеллект» тақырыбында практикалық оқыту ұйымдастырылды.
Оқыту барысында полиция басшылары жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару саласында тиімді пайдалану, жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрлық шешімдерді әзірлеу және заманауи құралдарды қолдану бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді.
Аталған бастама құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға, басқару процестерін цифрландыруға және заманауи технологияларды қызметке енгізуге бағытталған.
Заманауи технологияларды енгізу – полиция органдарының қызмет тиімділігін арттыруға, басқару процестерін жетілдіруге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл өз кезегінде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров цифрлық технологияларды меңгерудің маңыздылығын атап өтті.
«Жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану қызметкерлердің уақытын үнемдеуге, ақпаратпен жұмыс істеу сапасын арттыруға және қызметтік міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа технологияларды қолдануда ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау басты назарда болуы тиіс», – деді.
Оқу барысында құжаттармен жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу және талдау, қайталанатын процестерді оңтайландыру, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын жауапты пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.








