
Семей қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар жаңа технологиялардың көмегімен күшейтілуде. Осы мақсатта Семей қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық рейдтер барысында пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдаланып келеді.
Әуе кеңістігінен жүргізілген бақылау нәтижесінде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған жүргізушілер анықталып, олардың әрқайсысына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
Дрондардың көмегімен жолдың кең аумағын қысқа уақыт ішінде бақылауға мүмкіндік туады. Бұл құқық бұзушылықтарды жедел анықтап қана қоймай, жол қозғалысына қатысушылардың тәртіп деңгейін арттыруға және апаттардың алдын алуға ықпал етеді. Заманауи технологияларды пайдалану – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тиімді құралдардың бірі.
Полиция қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тағу – жай ғана заң талабы емес, күтпеген жағдайларда адам өмірін сақтап қалатын ең маңызды қорғаныс құралы екенін еске салады. Бір ғана қауіпсіздік белдігі ауыр жарақат алу қаупін едәуір төмендетіп, адам өмірін аман алып қалуы мүмкін.
Полицейлер барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жолдағы тәртіп – ортақ қауіпсіздіктің кепілі.







