
Ақтөбе қаласында жол жөндеу жұмыстары барысында алғаш рет қалқымалы люктерді орнату технологиясын енгізу көзделіп отыр. Бұл тәсіл жолдың беріктігін арттырып, жүргізушілер үшін жүру қауіпсіздігі мен жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі қолданыстағы тәсіл бойынша люк асфальт төселмей тұрып темірбетон негізге орнатылады. Ал жаңа технологияда алдымен жол жабыны төселіп, содан кейін арнайы реттелетін тірек арқылы люк жолдың деңгейіне дәл сәйкестендіріледі. Соның арқасында люк жол жабынымен біртұтас құрылымға айналады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе ауыр салмақтағы көліктер ағынының жүктемесіне төзімді. Нәтижесінде люк маңындағы асфальттың шөгуі азайып, жолдың ойылып немесе бұдырланып кету қаупі төмендейді. Бұл өз кезегінде көліктердің жүрісін жайлы етіп, олардың бөлшектерінің мерзімінен бұрын тозуына жол бермейді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда люктің деңгейін жолды қайта қазып, күрделі жөндеу жүргізбей-ақ реттеуге мүмкіндік бар.
Жаңа үлгідегі люктердің қызмет ету мерзімі 10–15 жылды құрайды. Бұл технология Ресейде және өзге де бірқатар елде кеңінен пайдаланылып келеді.
Ақтөбеде жаңа тәсіл алғаш рет көлік қозғалысы тығыз көшелердің бірінде сынақтан өтпек. Егер ол тиімділігін көрсетсе, алдағы уақытта қаладағы өзге көшелерді жөндеу кезінде де осы технологияны қолдану жоспарланып отыр.









