Атырау облысында денсаулық сақтау жүйесінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланды

    Атырау облысында денсаулық сақтау жүйесінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланды

    Атырауда облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен денсаулық сақтау жүйесінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылауға арналған алқа отырысы өтті. Аймақ басшысы Президенттің халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруды, медициналық көмектің сапасын көтеру мен оны қолжетімді етуді, сондай-ақ профилактикалық медицинаны дамытуды мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі ретінде айқындағанын атап өтті.

    Негізгі баяндаманы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев жасады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірде бірқатар маңызды көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткен. Жалпы өлім-жітім 6,2%-ға, туберкулезбен ауыру деңгейі 19,3%-ға, ал ана өлімі 70%-ға төмендеді.
    2026 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші 8%-ға өсті. Бұған сараптамалық эндоскопиялық және скринингтік орталықтардың ашылуы және көшпелі мультидисциплинарлық бригада жұмысының көмегімен ерте диагностиканы күшейту ықпал етті.
    Саланы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі айрықша назарда. Соңғы үш жылда дәрігерлер саны 11%-ға — 1 575-тен 1 775 адамға артты, ал кадр тапшылығы 201-ден 90 маманға дейін азайып, екі еседен астам төмендеді. Өңірге келетін медицина қызметкерлерінің жыл сайынғы легі шамамен 50%-ға өсіп келеді. Мамандарды тарту үшін ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге 10 млн теңгеге дейінгі көтерме жәрдемақы төлеу және баспанамен қамтамасыз ету сияқты қолдау шаралары бар.
    Облысқа ҒЗИ мен республикалық медициналық орталықтардың жетекші мамандары тартылуда. Жоғары технологиялық медициналық көмек түрінің саны 14-тен 19-ға дейін көбейді, соның нәтижесінде үш жыл ішінде басқа өңірлерге стационарлық емге баратын тұрғындар саны 27%-ға азайды, — деп атап өтті Қайсар Абдалиев.

    Қазіргі уақытта облыста төрт медицина нысанын салу көзделген, алдағы жылдарға тағы он басым бағытты жоба жоспарланған.

    Облыс әкімі онкологиялық ауруларды анықтау деңгейінің өсуіне ерекше назар аударды. Ерте диагностиканың жақсаруына және өлім-жітімнің төмендеуіне қарамастан, анықталған аурулар саны артып келеді. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасына профилактикалық жұмысты күшейту, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау және онкопатологияларды уақтылы анықтау мен емдеу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

    Сондай-ақ Болат Ақшолақов 180 төсектік жаңа облыстық онкологиялық диспансер құрылысын және облыстық аурухананы күрделі жөндеуді жеделдетуді, жоба мерзімін созбауды қамтамасыз етуді тапсырды.

    Облыс әкімі толыққанды күйік орталығын құру мәселесін көтерді. Травматология бөлімі жанындағы күйікке шалдыққандарға арналған төсек-орындар ірі өнеркәсіптік және мұнай-газ өңірі үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты жобалау-сметалық құжаттамада қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген мамандандырылған күйік бөлімін қарастыру тапсырылды.

    Бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелері туралы Атырау облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Алмагүл Әбілова баяндады.
    Азаматтардың өтінішінің көпшілігі медициналық көмектің сапасы мен ұйымдастырылуына қатысты болған. Олардың саны былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
    Шағымның көбі облыстық ауруханаға, облыстық перинаталдық орталыққа және Психикалық денсаулық орталығына айтылған. Тексерулер клиникалық хаттамалардың бұзылуын, медициналық процедураларды жүргізудегі кемшіліктерді және лицензиясыз қызмет көрсету жағдайларын анықтады. Барлық өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданды.

    Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешева инфекциялық аурулар, соның ішінде жіті ішек инфекциялары, желшешек және вирустық А гепатиті бойынша оң динамика барын мәлімдеді.
    Бұдан бөлек, көкжөтел, бруцеллез және қызылша ауруларында өсім байқалады. Вакцинациямен қамтудың жеткіліксіз деңгейде болуы және екпеден бас тарту жағдайлары алаңдаушылық туғызып отыр.

    Болат Ақшолақов халық арасында, әсіресе аудандарда түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, вакцинациядан бас тарту негізінен тұрғындардың иммундаудың маңызы мен екпеден бас тартудың салдары туралы жеткілікті құлақдар болмауына байланысты.
    МӘМС жүйесінің жұмысы туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Әсел Нұғманова баяндама жасады. 2026 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау саласына 86,7 млрд теңге бөлінді. Қаражат ауыл медицинасын дамытуға, стационарлық көмек ауқымын кеңейтуге және хирургия, кардиология және травматология сынды сұранысқа ие бағыттар бойынша тарифтерді арттыруға бағытталған.
    Өңірдің 629 мыңнан астам тұрғыны сақтандырылған, ал 76 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалған. «Qalqan» цифрлық платформасын енгізу медициналық көмектің ашықтығын арттырып, артық жазбаларға жол бермеуге мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдарды аванстық қаржыландыру көлемі 30%-дан 50%-ға дейін арттырылды, бұл дәрі-дәрмектерді уақтылы сатып алуға мүмкіндік береді.

    Болат Ақшолақов жиынды қорытындылай келе, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын бағалаудың басты өлшемі есеп емес, тұрғындардың денсаулығы мен ризашылығы болуы керегін баса айтты.
    —Басты міндет — облыстың әрбір тұрғынына тұрғылықты жеріне қарамастан уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету. Бейінді мамандарға және диагностикалық тексерулерге кезекті азайту, медицина нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау, басшылар мен мердігерлердің нәтиже үшін жеке жауапкершілігін қамтамасыз ету қажет.

    Нәрестелердің өлімін азайтуға, әйелдерге жүктіліктің барлық кезеңінде сапалы қызмет көрсетуге ерекше назар аударылуы тиіс. Болашақ аналар өзге өңірлердегі мамандардың көмегіне мұқтаж болмауы керек. Пациенттің жағдайына немқұрайлы қарауға жол жоқ, — деп атап өтті облыс әкімі.
    Бұдан бөлек, өңір басшысы Атырауда көпбейінді клиникаларды, онкологиялық қызметті және Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығын біріктіретін заманауи медициналық кластер қалыптастыруға кірісуді тапсырды. Кадр мәселесін шешу үшін облыс орталығында еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының филиалын немесе университет клиникасын ашу мүмкіндігі қаралуда. Сонымен қатар аудандық денсаулық сақтау және жедел медициналық көмек қызметінің әлеуетін арттыру, жасанды интелект көмегімен цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізу жүктелді.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары