Жерұйық ауылына көгілдір отын жетті

    1 / 7

    Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл облыстағы 10 елді мекенге газ құбыры тартылып, 4 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

    Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округіне қарасты Жерұйық ауылына табиғи газ берілді. Осылайша, 368 тұрғыны бар елді мекеннің тұрғындары көптен күткен игілікке қол жеткізді. Ауылдағы 74 ауламен қатар әлеуметтік нысандар да газ желісіне қосылды.

    Ауыл тұрғыны Бибігүл Алтыбаева көгілдір отынның отбасы шығынын азайтып, тұрмыс сапасын жақсартатынын айтады.

    «Көмірдің бағасы да арзан емес. Жылына 5-6 тонна көмір алатын едік. Оны әкелу де үлкен мәселе болды. Енді, міне, газ келген соң үйіміз күні-түні жылы болады деп үлкен сенім артып отырмыз. Ең бастысы, отын тасып, күл шығарудың бейнетінен құтыламыз», – деді ол.

    Салтанатты рәсімде аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, газдандыру жобасының елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызын атап өтті.

    Қазіргі таңда Алға ауданы елді мекендерін табиғи газбен қамту көрсеткіші 99,8 пайызды құрап отыр.

    Ал, жалпы Ақтөбе облысының газдандырылуы 97,5 пайызға жетті. 2025 жылы 31 елді мекенге газ құбыры тартылып, 13 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді.

    Биылғы жылы 10 елді мекен, яғни Алға ауданымен қатар Ойыл, Әйтеке би және Мәртөк аудандарындағы ауылдар газдандырылды. Нәтижесінде 4 200 адам көгілдір отынмен қамтылды.

    2027 жылы облыстың 16 елді мекеніне газ жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар 6 мыңнан астам тұрғынды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда Ақтөбе облысында табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайыздан асады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары