Облыс әкімі Махамбет ауданындағы проблемалы нысандармен танысып, өзекті мәселелерді шешуді жеделдетуді тапсырды

    Облыс әкімі Махамбет ауданындағы проблемалы нысандармен танысып, өзекті мәселелерді шешуді жеделдетуді тапсырды

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапары кезінде Махамбет ауданындағы бірқатар проблемалы нысанды аралап шықты. Өңір басшысы инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, оларды әрі қарай іске асыру бойынша
    нақты тапсырмалар берді.

    Аймақ басшысы Жайық жағасын бекіту жұмыстары жүріп жатқан Талдыкөл және Алға ауылдарына барды. Онда ұзындығы 1,7 және 3,2 шақырымдық қорғаныс бөгеттері нығайтылуда. Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, алда осындай тағы төрт жобаны жүзеге асыру көзделген, алайда олардың іске асуы қаржыландыру көлеміне байланысты. Болат Ақшолақов аудан әкіміне жоспарлы шараларды 2027 жылғы су тасу кезеңіне дейін толыққанды аяқтау үшін жұмысты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

    Талдыкөл ауылының орта мектебі 2010 жылы пайдалануға беріліп, содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Өңір басшысы жаңа оқу жылы басталғанша ғимаратты жөндеп, жылыту жүйесіне қатысты мәселені шешуді және мектептің қауіпсіздігін бағалау үшін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын шақыруды тапсырды. Алдағы уақытта бұл мектепті келесі жылғы реновация бағдарламасына енгізу мәселесі қаралады.

    Сарайшық ауылындағы 1968 жылы салынған “Бүлдіршін” бөбекжай-бақшасының ғимараты апатты жағдайдың алдында тұр. Биылғы мамырдан бері балалар қабылданып жатқан жоқ, ал 95 орынға арналған балабақша кезегінде 120 бүлдіршін тұр. Облыс әкімі балаларға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасап, оларды уақытша шағын орталық пен мектепалды даярлық сыныптарына орналастыруды жүктеді.

    Болат Ақшолақов Сарайшық ауылының жаңа шағынаудандарындағы газ, су, электрмен қамту желілері және жол құрылысын қамтитын инженерлік инфрақұрылым жобаларымен де танысты. Жұмыстарды биылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауылдың көне Сарайшық қалашығы аумағында орналасқан ескі бөлігіндегі 88 тұрғынды көшіруге мүмкіндік туады, бүгінде ондағы 42 тұрғын үй апатты күйде тұр.

    Өңір басшысы аудандық жастар ресурстық орталығының 2003 жылы салынған апатты жағдайдағы ғимаратын да көріп шықты. Жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Болат Ақшолақов құрылыс мәселесі бюджет мүмкіндігіне қарай қаралатынын айтты.

    Аймақ басшысы Махамбет ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлер аумағының абаттандырылу жайымен де танысып шықты. Бүгінде онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Болат Ақшолақов аудан әкімінің пәтерлердің жартысын апатты үйлердің баспана кезегіндегі тұрғындары мен бюджеттік сала қызметкерлеріне бөлу туралы ұсынысына қолдау білдірді. Өңір басшысы тұрғын үйді бөлу процедураларының ашықтығын және қолданыстағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

    Болат Ақшолақов ауданның автомобиль жолдарының жағдайына да назар аударды. Қазір ауданда жалпы құны 15,3 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Әкім сондай-ақ Махамбет ауылындағы 1967 жылы салынған №1 су тазарту қондырғысына барды. Бүгінде ауданда жаңа су тазарту станциясының жобасы әзірленуде. Облыс әкімі бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырып, бюджетті қалыптастыру кезінде қажетті қаражатты бөлу мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

    Аймақ әкімінің назарына іліккен келесі нысан — Алға ауылындағы 320 орындық орта мектеп. Бүгінде онда апатты жағдайдағы балабақша бүлдіршіндерінің орналастырылуына байланысты 563 оқушы білім алады. Өңір басшысы Таңдай ауылындағы 1988 жылы салынған Қ.Ахмедияров атындағы орта мектепке де барды. Бұл ғимараттың іргетасы бүлінген. Облыс әкімі бұл орайда ауданның маңызды инфрақұрылым нысандарының іргетасына кешенді зерттеу жүргізуді тапсырды.

    Жұмыс сапарындағы соңғы нүкте — Алға ауылындағы Мәдениет үйі болды. 1957 жылы саманнан соғылған ғимарат апатты деп танылған. Мәдениет нысандарының құрылысына мораторий жариялануына байланысты әзір жаңа ғимарат салудың мүмкіндігі жоқ. Облыс әкімі қандай да бір шешім қабылданғанша ғимаратты толығымен жабуды тапсырды.

    “Тұрғындардың қауіпсіздігі негізгі басымдық болып қала береді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бірде-бір нысан пайдаланылмауы керек”, — деп баса айтты аймақ басшысы.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары