
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Алдымен депутаттар облыстық бюджетті нақтылау мәселесін талқылады. Нақтылау барысында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта 19 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ 38 білім беру ұйымына жылыту қазандықтарын, генераторлармен сорғыларды сатып алуға қаражат бөлінді. Бұл алдағы жылыту маусымына сапалы әрі уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасы аясында 2 080 педагог пен мектеп басшысының біліктілігін арттыруға қаржы қарастырылды. Бұл — облыстың 12 ауданындағы 40 мектепте 120 оқу кабинетін жаңғыртуды көздейтін жобаның жалғасы.
Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бюджетті нақтылау аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 1 012 пәтер сатып алу көзделді. Бұл пәтерлер облыс аудандары арасында бөлініп, кейіннен жекешелендіру құқығымен жалға беріледі. Аталған шешім тұрғын үй кезегін қысқартып, мыңнан астам отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті ұсыныстарын білдірді.
Отырыста депутаттар 2026-2030 жылдарға арналған облысты дамыту жоспарына өзгерістер енгізу мәселесін қарады. Жаңартылған жоспарға Ақтөбе облысында шағын авиацияны дамыту бағыты енгізілді. Осы бағыт аясында облыс орталығы мен шалғай елді мекендер арасында тұрақты әуе қатынасын ұйымдастыру көзделіп отыр.
Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров депутаттарға белсенді ұстанымы үшін алғыс білдіріп, қабылданған шешімдер мен іске асырылатын жобалардың облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.









