
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескертеді.
Әлеуметтік желілер адамдармен қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өмірдегі маңызды сәттермен бөлісуге мүмкіндік береді. Алайда интернеттегі шамадан тыс ашықтық қауіп-қатерге әкелуі мүмкін. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жеке мәліметтерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі.
Әлеуметтік желілердегі қауіпсіздіктің негізгі талаптары:
- жеке ақпараттарды: үй мекенжайын, телефон нөмірін, оқу орнының атауын, сабақ кестесін және орналасқан жерді анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді жарияламау;
- нақты уақыт режимінде геолокация көрсетілген фото және бейнематериалдарды жарияламау. Мұндай ақпаратты көрсетілген жерден кеткеннен кейін ғана бөліскен дұрыс;
- тек жеке танитын адамдарды достыққа қосу;
- аккаунттың құпиялық баптауларын орнатып, жарияланымдарды тек сенімді адамдарға ғана қолжетімді ету;
- бейтаныс адамдарға жеке фотосуреттерді, құжаттарды және басқа да құпия ақпараттарды жібермеу.
Егер бейтаныс адам шамадан тыс назар аударып, жеке сұрақтар қойса, орналасқан жеріңіз туралы ақпарат айтса немесе қорқытуға тырысса, онымен қарым-қатынасты дереу тоқтатып, күмәнді аккаунтты бұғаттау қажет. Мұндай жағдайлар туралы ата-анаға, заңды өкілге немесе сенім білдіретін басқа ересек адамға міндетті түрде хабарлау керек.
ІІМ жасөспірімдерді цифрлық ортада жауапкершілікпен әрекет етуге шақырады. Қауіпсіздік жазылушылар саны мен «ұнату» белгілерінен маңызды. Интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жеке деректерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.









