
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындармен кері байланысты күшейту және көтерілген мәселелерді жедел шешу мақсатында жауапты сала басшыларымен бірге «Арман» көпқабатты тұрғын үй кешенінде болып, көшпелі жиын өткізді.
Кездесу барысында тұрғындар ауладағы абаттандыру, жарықтандыру, қауіпсіздік, тазалық және көгалдандыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін тікелей жеткізді. Қала әкімі әрбір мәселені жауапты мекемелермен бірге сол жерде талқылап, жауапты мамандарға дер кезінде шешуді тапсырды.
Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапса, балалар және футбол алаңшаларын ретке келтіру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аулаға қосымша жарықшамдар орнату мен жасанды жол кедергілерін орналастыру мәселелері орындалу үстінде.
Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқов көшесі бойындағы жұмыс істемей тұрған субұрқақтарды іске қосу, аумақты көгалдандыру үшін су ұңғымаларын қазу, жабайы шөптерді шабу және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыстар да қолға алынды.
Бұдан бөлек, басқарушы компания мен учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, ортақ мүлікті күтіп ұстау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне басымдық берілмек.









