АҚИҚАТ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКТІҢ ЖЫР-АМАНАТЫ

    1 / 12
    Түркістан қаласында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірбай Сәуірбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ақиқат деп соққан жүректің жыр-аманаты» атты еске алу кеші өтті.
    Рухани шарада ақынның өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, қазақ әдебиеті мен Түркістан руханиятына қосқан үлесі туралы айтылды.
    Кеште Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов құттықтау сөз сөйлеп, ақын мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
    Сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан облысының Құрметті азаматы Жарқынбек Құлбайымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алаш әдеби сыйлығының иегері Ермахан Шайқыұлы, ақын-журналист Сейдазым Айдар және ақын Сайлаухан Жоланов қаламгер туралы естеліктерімен бөлісіп, оның азаматтық болмысы мен шығармашылық мұрасына тоқталды.
    Шара барысында композитор Шерхан Әлібеков «Асқақта асыл арманым» әнін орындады. Әнші-сазгер Жанар Болатбекова ақынның сөзіне жазылған «Бозторғай» әнін алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Ақын Асылзат Арыстанбек арнау өлеңін оқыды. Сонымен қатар ақынның ұлы Қанат Өмірбайұлы мен қарындасы Жұмакүл Сәуірбаева естеліктерімен бөлісті.
    Өмірбай Сәуірбаев 1946 жылы 17 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері 1964 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. «Сырымды айтам, достарым», «Ардағым», «Мен өмір сүремін», «Ақ дидарын көргенде» атты жыр жинақтары жарық көрген. 1981 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған ақын 1997 жылы өмірден озды.
    Ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, артында қалған әдеби мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Оның шындықты ту еткен жырлары мен азаматтық үні туған жерінің жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа аманат болып қала береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары