
Мерекелік демалыс күндері Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, тұрғындар мен өңір қонақтарының қоғамдық қауіпсіздігін, құқықтық тәртібін және тыныштығын қамтамасыз етті.
Жеке құрам тәулік бойы елді мекендерде, халық көп шоғырланатын демалыс орындарында, саябақтарда, алаңдарда, мәдениет нысандарында және басқа да қоғамдық орындарда патрульдік қызмет атқарды. Ерекше назар қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға аударылды.
Қызмет барысында полиция қызметкерлері демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, айналадағыларға құрметпен қарау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға, қоршаған ортаны ластауға және өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін түсіндірді.
Патрульдік бағыттар адамдар көп жиналатын орындарға барынша жақындатылып, бұл кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге және мерекелік іс-шаралардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Жетісу облысының Полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарына заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарағандары үшін алғысын білдіреді. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметін тәулік бойы жалғастыруда.









