
Бүгін аудан әкімі Мұрат Сердалин Базартөбе және Есенсай ауылдық округтерінің көпбалалы аналарын қабылдап, «Алтын алқа» мемлекеттік наградаларын салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты рәсім барысында аудан басшысы марапат иелерін жоғары мемлекеттік наградамен құттықтап, ана – отбасының берекесі, ұлттың тірегі екенін атап өтті. Сондай-ақ көпбалалы аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі мен қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтудағы ерекше рөліне тоқталып, бұл марапаттың ана еңбегіне көрсетілген жоғары құрмет екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға және көпбалалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Ақжайық ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды, оның ішінде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып, бұл бағыттағы жұмыстар заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бүгінде Ақжайық ауданында 249 «Алтын алқа» және 378 «Күміс алқа» иегері бар. Бұл – ауданымызда отбасы институтын нығайтуға, аналардың мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Аудан басшысы марапат иелеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, шаңырақтарына бақ-береке тілеп, ұл-қыздарының қызығын көріп, ұрпақтарының жетістіктеріне қуана берулеріне ақжарма тілегін білдірді.









