Елорданың коммуналдық қызметі қалың қар жаууына байланысты тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қала аумағынан қар тоқтаусыз шығарылуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
28 қараша күні таңертеңнен бастап қалада қар күреу жұмысына 1 400-ден астам арнайы техника мен 3 300-ден аса жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Түн ішінде қар полигондарына 183 рейспен 1 000 текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жүретін көшелер тазартылады. Одан кейін коммуналдық қызмет көлік қозғалысы орташа қарқынды учаскелерде, сондай-ақ аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазартылады.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы күндері елордада жаңбыр мен қар жауып, тұман, көктайғақ, боран болуы мүмкін.
Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жолдар мен тротуарларда сақ болуға, қауіпсіздік шараларын ұстануға және сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








