Астанада алкоголь сатуға бақылау күшейді: заң бұзғандарға қандай жаза қолданылады

    1 / 3

    Елордада алкоголь өнімдерін сату кезінде заң талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынған. 2026 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша 1 023 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар тиісті лицензиясыз алкоголь сату дерегінің 249 фактісі анықталды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету басқармасының Сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету жөніндегі тобының прокуроры Шерхан Шорабек жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамға сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ алкогольді бөлшек саудада келесі күнгі сағат 08:00-ге дейін, яғни 23:00-ден 08:00-ге дейін сатуға болмайды. Ал этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын өнімдерді келесі күнгі сағат 12:00-ге дейін, яғни 21:00-ден 12:00-ге дейін сатуға тыйым салынған. Сатушылар сатып алушыдан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге және ол болмаған жағдайда өнімді сатудан бас тартуға міндетті.

    «2025 жылы ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 908 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 781-інің лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 68 адам лицензиясынан айырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 129,1 миллион теңгені құрады. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде 1 023 адам жауапқа тартылды. Олардың 889-ының лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 107 адам лицензиясынан айырылды.

    Алкогольді 21 жасқа толмаған адамдарға немесе тыйым салынған уақытта сатқан жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, лицензиясының қолданылуы тоқтатылады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 20 АЕК, кәсіпкерлерге 180 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, лицензиясынан айыру жазасы қолданылады», – деді прокурор.

    Ол сондай-ақ тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
    Лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 30 АЕК және 500 АЕК-ке дейін жетеді. Заңда көзделген жағдайларда өнім тәркіленеді.

    «Қала прокуратурасының ұсынуы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Астана қаласының Полиция департаменті алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау және жолын кесу үшін бірлескен жұмыс алгоритмдерін әзірледі. Бұдан бөлек, прокуратура жүргізген талдау лицензия беру, алкоголь айналымын бақылау және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру салаларында бірқатар қиындық бар екенін көрсетті. Оларды шешу және мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру үшін тиісті прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.

    Прокуратура кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау», – деп түйіндеді Шерхан Шорабек.

    #законипорядок #заңментәртіп

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары