Алматыда пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдайлар жасалуда

    1 / 4

    Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Абдрахим мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жұмыс сапары барысында Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы мен «Алау» оңалту орталығына барып, нысандарды жаңғырту жұмыстарымен танысты.

    Психикалық денсаулық орталығында амбулаториялық-емханалық қызметтің жөндеу жұмыстары аяқталды. Инженерлік жүйелер, дәрігерлер кабинеттері мен тіркеу орталығы жаңартылды. Амбулаториялық қызмет жыл сайын 250-ден астам ересек пен балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.

    Ғимарат 1958 жылы салынған. Өткен жылдары мұнда негізінен косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ғимараттың жағдайы кешенді жаңартуды қажет етті.

    Осыған байланысты пациенттердің емделуі мен ғимаратта болуы үшін қолайлы жағдайларды жақсартуға бағытталған жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта негізгі корпустың стационарлық бөлімшелері орналасқан басқа қабаттарында да кезең-кезеңімен күрделі жөндеу және реконструкция жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

    «Алау» оңалту орталығында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Су жүйелері ауыстырылып, бассейн орналасқан бөлме жылытылды, жылы едендер орнатылды, ғимараттың қасбеті, ішкі бөлмелері мен балалар ойын алаңдары жаңартылды.

    Орталық жыл сайын тыныс алу мүшелерінің аурулары бар, оның ішінде жиі ауыратын 2 мыңнан астам баланы сауықтыру, қалпына келтіру және қайталама аурулардың алдын алу мақсатында қабылдайды. Оңалту бағдарламалары тыныс алу функциясын жақсартуға, ағзаның қорғаныс механизмдерін нығайтуға және балалардың физикалық төзімділігін арттыруға бағытталған.

    Медициналық инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін жаңа нысандарды ашу да жоспарланған. Жақын уақытта «Шұғыла», «Айбасова» және «Саялы» дәрігерлік амбулаториялары, сондай-ақ «Шұғыла», «Алтай-1» және «Айтеке би» емханаларының іске қосылуы күтілуде.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары