Үйреншікті 1414 нөмірінің артында жаңа цифрлық тарих басталады

    29 қарашада 1414 Бірыңғай байланыс орталығы туған күнін атап өтеді. 15 жылдық үздіксіз қызметінде ол азаматтар мен мемлекетті жалғайтын үйреншікті әрі сенімді арнаға айналды. Бүгінде мамандар тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тоғыстырып, өзінің жаңа тарихи парағын ашып отыр.

    1414 Бірыңғай байланыс орталығының тарихы 2011 жылғы 29 қарашада басталды. Алғашқыда оның қызметі «цифрлық үкімет» порталы бойынша кеңес беруге бағытталған еді. 2021 жылдан бастап орталық функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтті. Бүгінде 1414 – мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистердің кең ауқымы бойынша халыққа ақпараттық қолдау көрсететін толыққанды орталық.

    Бүгінде байланыс орталығының өңірлік бөлімшелері Астана, Қызылорда, Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Тараз және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Жалпы штат саны - 426 қызметкер, оның ішінде 20-сы - мүмкіндігі шектеулі жандар.

    Байланыс орталығы орта есеппен күніне 30 мыңнан 90 мыңға дейін өтінім өңдейді. Жекелеген күндері өтінім саны 100 мыңнан асады. Ал 2026 жыл басынан бері орталық 15 миллионнан астам өтінім қабылдап үлгерді. Сонымен қатар 2026 жылы хабарласып, кеңес алған азаматтардың үлесі 85,3%-ды құрады. Пайдаланушылардың кері байланысы бойынша қызмет көрсету сапасының орташа бағасы 5-тен 4,8 баллды құрайды.

    Азаматтар құжаттарды рәсімдеуге, мемлекеттік қызмет алуға, сондай-ақ ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО жұмысына қатысты сұрақтарға жауап алу мақсатында жиі хабарласады. Операторлар eOtinish пен e-Petition бойынша да кеңес беріп, ерекше қажеттілігі бар азаматтардан үйге барып қызмет көрсетуге өтінім қабылдайды. Сондықтан байланыс орталығының басты мақсаты - тек қоңырауға жауап берумен шектелмей, әр адамға нақты бағыт сілтеп, шешім табуға жәрдемдесу.

    Мамандардың жұмысы күнделікті кеңес берумен ғана шектелмейді. Байланыс орталыңы ауқымды мемлекеттік бастамалар іске асырылып жатқан кезеңде де халыққа ақпараттық қолдау көрсетеді. Әр жылдары операторлар жеке тұлғалардың банкроттығы, Парламент депутаттарын сайлау, көліктерді заңдастыру, әлеуметтік сақтандыру, медициналық көмек және «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы бойынша азаматтарға кеңес берді.

    Команданың кәсіби еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. 2017 жылы Бірыңғай байланыс орталығы «Хрустальная гарнитура» байқауында «Мемлекеттік органдар мен ТКШ секторындағы халыққа қызмет көрсетудің үздік орталығы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. 2018 жылы «Жыл параоператоры» және «Жақсарту, жаңғырту, бизнес-трансформациялаудың үздік бағдарламасы» екі аталымы бойынша байқау финалистерінің қысқа тізіміне енді. Ал 2024 жылы CCGuru Awards «Хрустальная гарнитура» байқауында «Халыққа арналған үздік байланыс орталығы» аталымы бойынша қазылар алқасының жоғары марапатына ие болды.

    15 жыл ішінде байланыс орталығының жұмыс ауқымы ғана емес, қызмет көрсету тәсілі де өзгерді. Бұрын азаматтар кеңесті тек оператордан алатын болса, бүгінде бұл іске заманауи цифрлық технологиялар қосылды. Соңғы жаңалықтардың бірі - кеңес алуды бұрынғыдан да қолжетімді етіп, жауап күту уақытын қысқартуға көмектесетін AI-Senim дауыстық AI-ассистентінің енгізілуі.

    AI-Senim азаматтарға сұранысқа ие 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша қазақ және орыс тілдерінде кеңес береді. Ол сөйлеушінің дауысын танып, сұрақтың мәнін ажыратады және қажетті ақпаратты өздігінен іріктеп ұсынады.

    «Біз AI-Senimәлеуетін дамытудың мәні зор деп білеміз. Мемлекеттік корпорацияның жоспарында - алдағы уақытта AI-Senim мүмкіндіктерін кеңейтіп, автоматтандырылған кеңес алуға болатын мемлекеттік қызметтер санын арттыру. Мәселен, 2027 жылы олардың санын 200-ге, ал 2028 жылы 400 қызметке дейін жеткізу көзделген. Болашақта әрбір кіріс қоңырауы алдымен AI-ассистентке түсіп, қажет болған жағдайда маманға бағытталатын модельге көшу мәселесі қарастырылып жатыр»,-деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

    AI-ассистент іске қосылғалы бері 200 мыңнан астам өтініш өңдеді. Орта есеппен ай сайын оған шамамен 25–30 мың өтінім түседі. Қазір 1414 Бірыңғай байланыс орталығына түсетін әрбір бесінші қоңырау жасанды интеллекткежолданады.

    Бұл ретте AI-Senim мамандардың орнын баспайды, керісінше оларға сенімді әрі қосымша көмекші ретінде қызмет етеді. Түскен өтінімтердің шамамен 40%-ын өзі шешсе, қалған 60%-ы мәселені егжей-тегжейлі талдауды, ақпараттық жүйелерге жүгінуді немесе нормативтік құжаттарды қарауды қажет еткен жағдайда операторларға бағыттайды.

    AI-ассистенттің жұмыс сапасын бақылауға арналған арнайы аналитикалық платформа бар. Ол қоңыраулар санын, сөйлесу ұзақтығын, ең жоғары жүктемені және өтініштерді өңдеу нәтижелерін нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе сөйлесу жазбаларын тыңдауға, диалогтардың транскрипциясын зерделеуге және жауаптардың сапасын талдауға жол ашады. Бұл азаматтарға қосымша ақпарат қажет болатын мәселелерді дер кезінде анықтап, цифрлық көмекшінің жұмысын үнемі жетілдіріп отыруға септігін тигізеді.

    1414 нөмірі бүгінде кәсіби тәжірибе мен заманауи цифрлық шешімдерді тоғыстырып, өрісін кеңейтіп келеді. Құлаққа үйреншікті қысқа нөмірдің артында мыңдаған өтініш, жүздеген маман және азаматтардың мемлекетпен қарым-қатынасын түсінікті, қолжетімді әрі жеңіл етуге бағытталған біртұтас мақсат жатыр. Қандай технологиялық жаңалық енгізілсе де, азаматтарға көмек керек кезде әрдайым байланыста болу жолындағы түпкі мұраты өзгеріссіз қалмақ.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары