МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНДА «ҚЫС-2026» ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ШАРАЛАРЫ ӨТТІ

    1 / 16

    Бүгін Мойынқұм ауданына қарасты Хантау ауылдық округінің маңында, республикалық маңызы бар «Меркі – Бурылбайтал» автомобиль жолының бойында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға бағытталған «Қыс-2026» оқу-жаттығу шаралары ұйымдастырылды.

    Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау.

    Іс-шараға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов, облыстық және аудандық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері, полиция өкілдері, медицина қызметкерлері, аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары және арнайы құтқару техникалары жұмылдырылды.

    Оқу-жаттығу барысында қысқы ауа райының қолайсыздығынан туындайтын түрлі төтенше жағдайлар тәжірибе жүзінде пысықталды. Атап айтқанда, қалың қар құрсауында қалған автокөліктер мен жолаушыларды құтқару, жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету, із-түссіз жоғалған адамдарды іздестіру және оларды қауіпсіз жерге жеткізу бойынша арнайы жаттығулар өткізілді.

    Сонымен қатар құтқару қызметтерінің жедел әрекет ету дайындығы, арнайы техникалардың мүмкіндіктері және мекемелер арасындағы өзара үйлесімді жұмыс жүргізу деңгейі тексерілді.

    Оқу-жаттығу қорытындысында қатысушы қызметтердің төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарына оң баға берілді.

    Мұндай кешенді оқу-жаттығулар қысқы кезеңде тұрғындар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мойынқұм ауданының әкімдігі" жаңалықтары