Жеке тұлғалардың шетелден жеке пайдалану үшін тауарлар әкелу қағидалары

    Шетелге сапарға шығуды жоспарлап жүрсіз бе немесе шетелден сәлемдеме күтіп отырсыз ба? Жеке пайдалану үшін әкелінетін тауарларды кедендік баж төлемей алып өту нормаларын еске саламыз. Бұл – сату үшін емес, тек өзіңізге және отбасыңызға арналған заттар. Тауарлардың құны мен салмағына қойылатын шектеулер олардың шекарадан қандай жолмен өткізілетініне байланысты:

    - Ұшақпен – құны 10 000 еуродан, салмағы 50 келіден аспайтын тауарларды;

    - Автокөлікпен, пойызбен немесе жаяу – құны 500 еуродан, салмағы 25 келіден аспайтын тауарларды;

    - Пошта жөнелтілімдері арқылы немесе тасымалдаушы жеткізген жағдайда – құны 200 еуродан, салмағы 31 келіден аспайтын тауарларды әкелуге болады. Егер сатып алынған тауарлардың құны немесе салмағы белгіленген нормалардан асса, шекті мөлшерден асқан бөлігі үшін кедендік баж төленеді. Өзімен бірге алып жүретін багажға шекті мөлшерден асқан құнның 30%-ы мөлшерінде, бірақ артық салмақтың әр килограмы үшін кемінде 4 еуро баж салынады. Тасымалдаушы жеткізетін тауарлар мен халықаралық пошта жөнелтілімдеріне шекті мөлшерден асқан құнның 15%-ы мөлшерінде, бірақ артық салмақтың әр килограмы үшін кемінде 2 еуро көлемінде баж салынады. Бұл ретте кедендік бақылау барысында тауарлардың салмағы мен түбіртектері ғана емес, біртектес заттардың саны, шетелге шығу жиілігі және тауарларды әкелу мақсаты да ескеріледі. Егер әкелінген тауарлар партиясы коммерциялық мақсатқа арналған деп танылса, жеке пайдалануға арналған заттар ретінде ресімдеу ге болмайды. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерге арналған декларациялаудың тәртібінен өту керек. Шекарадан артық шығынсыз әрі кідіріссіз өту үшін осы нормаларды алдын ала ескеруге кеңес береміз.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары