27 қараша күні Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Жетісу жеріндегі мұралардың сақталуы» тақырыбында тарихшылар мен археологтардың қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Ерғабылов Ақбар Ерболұлы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Төлегенов Торали Жақсылықұлы, «Жауынгерлік Даңқ» музейінің меңгерушісі, тарихшы-өлкетанушы Ибраимжанов Қали Тұрдығазыұлы, сондай-ақ Жетісу өлкетанушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист Қажет Андас қатысты.
Кездесу барысында мамандар мазмұнды баяндамалар жасап, ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда, биыл жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындылары, Жетісу өңіріндегі тарихи ескерткіштерді зерттеу мен сақтау мәселелері, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны келер ұрпаққа аманат ету жолдары талқыланды.
Іс-шара аясында қатысушылар өңірдің тарихи өткенін зерделеудің маңыздылығына тоқталып, өзара пікір алмасты.
Кездесуге Жетісу университеті тарих факультетінің 2-курс студенттері де қатысып, археология және тарих саласының мамандарымен тікелей пікір алмасуға, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алуға мүмкіндік алды.
Мұндай кездесулер тарихи-мәдени мұраны насихаттауға, жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға және ғылыми қауымдастық пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









